Мамыр айынының 17 күні Халықаралық Музейлер күні мерекесі қарсаңында Семей қаласының барлық Музейінде “Музей түні” іс-шарасы өтті. Облыстық Өлкетану музейінде өткен іс-шараға қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
«Музей түні» дәстүрлі іс-шарасында «Музейге сый» акциясы өтті. Биыл музей қорлары тағы бір ерекше жәдігермен толықтырылды, ол 1905 жылғы Тула самаурыны. Самаурынды музейге Ермек Айтқалиұлы Бейсембаев сыйға тартты, ол тарихшы, өлкетанушы, меценат, коллекционер, кәсіпкер болған әкесі Қыстаубаев Айтқали Бейсембайұлынан қалған екен. Коллекционердің мұрагерлері оның 70 жылдығына орай Тула самаурынын Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейіне әкеліп, қалаға және оның тұрғындарына сыйлық ретінде тартты. Бұл музей жәдігері жоғары тарихи құндылыққа ие, сондықтан музей экспозициясында лайықты орын алатыны сөзсіз.
Semeynews.kz