Абай облысыТОП

ЖАТ ҚЫЛЫҚТАН АУЛАҚ БОЛ

Семей қаласы гарнизондық офицерлер үйінде Абай гарнизонының әскери қызметшілеріне арналған кезекті жиын өткізілді. Басқосу Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының алдын алу  және тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі бөлімдерінің ұйымдастыруымен өтті.

Шара ағымдағы жылға арналған «Өмірді сақта» құқықбұзушылықтың алдын бағдарламасы аясындағы «Құмар ойынды тоқтату» науқаны мен «Өз өзіне қол жұмсаудың алдын алу» онкүндігі аясында ұйымдастырылды.

Басқосуға Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасы алдын алу бөлімінің аға офицері капитан Сымбат Амангелді, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының аға офицері майор Гүлнұр Қапселенова, Семей қаласының қос мұнаралы мешітінің наиб имамы Серікбол Арғынов, сондай-ақ әскери бөлімдер психологтары мен әскери қызметшілердің отбасылары қатысты.

Алғаш болып сөз алған Семей қаласының қос мұнаралы мешітінің наиб имамы Серікбол Арғынов ислам дінінде суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнәға жататынын, өйткені адамдардың өзін-өзі өлтіруі шариғатта қарсы шыққанмен тең екен атап өтті.

  • Адам өмірде  қандай қиындық көрмесін, басына қандай іс түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – бәрі де Жаратушының берген аманаты болып есептеледі. Қоғамымызда орын алып жатқан бұл қауіпті қылмыстың ең басты себебі имани тәрбиенің жетіспеушілігі. Өмірдегі қиыншылықтар мен  қателіктер үшін торығып, түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіз болуға болмайды, – деді наиб имам.

Сондай-ақ Серікбол Арғынов қазіргі таңда казино, букмекерлік кеңсе, лотерея, карта ойнау секілді бәс тігілетін ұтыс ойындары қоғамның дертіне айналып отырғанын,  құмар ойындары адамды бос үміттің жетегіне салып,  маңдай терсіз табысқа кенелтетінін ал оның салдарынан құқықбұзушылыққа жол берілетінін  жеткізді.

  • Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Құмар ойынға еліктеушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін бәске тігушілердің де қатары аз емес. Ойын ешкімге пайда берген жоқ. Ақша үшін бар құндылығынан айырылған адам бейшара адам секілді, – дейді дін қызметкері.

Қазақстанды алаңдатып отырған тағы бір жайт бұл жас жеткіншектердің өз өзіне қол жұмсауы болып отыр. Суицид – қатты қажыған, шаршаған немесе бір жағдайда шешімін таба алмаған адамдарда жиі кездеседі. Ересектерге қарағанда жеткіншектер арасында өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау оқиғалары көп тіркелген екен. Бұл да қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.

  • Осындай жағдайлардың барлығында психолог пен отбасының көмегі қажет. Өкінішке орай, психолог мамандар бұл мәселемен күресе алмай келеді. Ал күйзелісте жүрген адамдар психологты көп жағдайда психиатрмен шатастырады, сондықтан да оның алдына баруға ұялады. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылық: психиатр – ауруларды емдейді, ал психолог – психикалық тұрғыдан сау адамдарға кеңес беріп, түңілуден арылуға көмектеседі, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының аға офицері майор Гүлнұр Қапселенова.

Қиын жағдайға түскен адамға көбінесе отбасы мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет. Депрессиялық жағдайға түскен адам ұрысқа бейім болады. Көп жағдайда жақындары немесе қоршаған ортасы оның бойындағы өзгерістерді, мінез-құлқын түсінбейді. Ал бұл оны одан сайын тығырыққа тіреп, соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін екен. Сондықтан жеткіншек шақтағы жастарға, оқушыларға кезкелген жағдайда байыппен түсіндіру қажет. Мамандардың пікірінше ең бастысы ата-ана өз балаларына көбірек көңіл бөлуі қажет.

Сөзімізді қорыта айтатын болсақ, жиында гарнизондағы әскери бөлімдердің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілеріне ойынқұмарлықтың кері әсері мен зардабы, суицидалды іс әрекеттердің алдын алу және өз-өзіне қол жұмсаудың діни көзқарасы, теріс ағымға түсіп кетуден сақтану жөнінде толыққанды ақпарат беріліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button