Ұлт болашағы – аналардың қолында
12 мамырда Қазақстанда алғаш рет Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес Аналар күні атап өтіледі. Бүгін «Авиценна» медициналық колледжінде «Қоғамдық келісім орталығы – облыстық Достық үйі» КММ, «Абай облысының ішкі саясат басқармасы» ММ және Абай облысының ҚХА Аналар кеңесі бастамасымен «Ұлт болашағы – аналардың қолында» атты дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Іс-шараға қатысушылар ананың отбасының негізі әрі жаңа өмірдің бастауы ретіндегі рөлінің маңыздылығын талқылады. Абай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Назерке Аққожина барлық қатысушыларды құттықтап, аналардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
«Баршаңызды асыл жандардың мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекенің негізгі мақсаты – аналардың мәртебесін нығайту, қазіргі қоғамдағы аналардың рөлін арттыру. Ананы қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Өңірімізде ананы қолдау шаралары белсенді іске асырылып келеді», – деді Назерке Аққожина.
Іс-шара барысында «Авиценна» жоғары медициналық колледжінің мамандары Қазақстандағы отбасылық және гендерлік саясат, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелері бойынша баяндамалар ұсынды. Сондай-ақ, «Мен және менің анам» фоточелленджінің қорытындысы шығарылды.
ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қуанышбаева қоғамдағы адамгершілік ұстанымдарының маңыздылығын атап өтті.
«Алғаш рет 12 мамырда атап өтілетін мереке бізге отбасылық дәстүрлердің құндылығын және қоғамымыздағы әйелдер қауымына ұқыпты қарау қажеттілігін еске салады. Бүгін әрқайсымыздың өмірімізде шешуші рөл атқаратын барлық аналар мен әйелдерді құттықтау және құрметтеу үшін осында жиналдық» — деп атап өтті Айжан Қуанышбаева құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, қатысушылар ел өмірінің әртүрлі салаларындағы, соның ішінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалардағы әйелдердің рөлін арттыру мәселелерін талқылады.
Іс-шара соңында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың атынан Гүлмира Ешова, Ғалия Кишанова, Динара Ерғалиева, Оксана Федороваға аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.
Semeynews.kz