Абай облысының әкімі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтады
Ұлы Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне барып, сұрапыл жылдардағы ерліктері мен жеңісті жақындатуға қосқан үлестері үшін алғыс айтты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Қатарымыздағы қарт жауынгердің бірі – Александр Атавин. Батыс майданның 58-ші дивизия құрамында ауыр минометтерді тасымалдаушы көлік жүргізушілерінің бірі болған ардагер мереке қарсаңында үлкен құрметке ие болды.
Ал, 95 жастағы Екатерина Краснянская да соғыс қиыншылығын бастан өткерген. Әскери госпитальде санитар болып жұмыс істеп, Волхов және Ленинград майдандарына қатысқан.
«Жеңіс күні біз үшін ерекше мереке. Майдан мен тылдағы ата-әжелеріміздің ерліктері мен еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа айтылып қала беретін мұрамыздың бірі. Біз жеңімпаз аға буынға мереке қарсаңында ғана емес, үнемі көңіл бөліп отыруымыз керек. Бұл кейінгі буын біздердің ардагерлер алдындағы борышымыз», – деді әкім.
Маршал А.М.Василевскийдің басшылығымен бірнеше майдандарда жауға қарсы соғысып, Харьковті азат етуге атсалысқан «Халық Қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдин, Польша мен Чехословакиядағы шайқастардың ортасында болған ардагер Иван Шевцовқа да лайықты құрмет көрсетілді.
Ардагерлер облыс басшылығына құттықтаулары үшін алғыс білдіріп, барша қазақстандықтарға ашық аспан, зор денсаулық тіледі.
Semeynews.kz