Абай облысыТОП

Абай облысында «Мөлдір бұлақ» апталығы өтуде

Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы Шүлбі кентінде «Ертіс – достық өзені» атауымен басталды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Аудан басшылығы, кент тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық орталықтар, жастар, мектеп түлектері, мекеме қызметкерлері және зиялы қауымның қатысуымен кент көшелері мен Ертіс өзенінің жағасы тазаланды.

Шүлбі кенті ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бейсен Лепсібаев жиналғандарға алғысын білдіріп, бастама бір реттік акциямен шектелмеуі керектігін айтты.

«Таза Қазақстан» акциясын өткізудегі мақсат – табиғатқа ұқыпты қарап, елді мекендерді абаттандыруды, көгалдандыруды тұрақты жүргізу. Бұл – біздің ұлттық тәрбиеміздің бір бөлшегі. Халқымыздың бір шаңырақ астындағы достығы мен өзара түсіністігі жалғасып, еліміздегі бейбітшілік әрқашан берік болсын», -деді еңбек ардагері.

Бұл күні акцияға қатысушылар 200-ден астам ағаш көшеттерін де отырғызды. Акцияға 300-ден астам адам қатысты. Арнайы техниканың көмегімен 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

«Ауданымызда өткізіліп жатқан «Мөлдір бұлақ» апталығына біз де қатысуға ниет білдірдік. Көшелер мен аумақтарды тазалап қана қоймай, қарттарға да көмектесіп, жастарға үлгі көрсетеміз», – деді Жастар кеңесінің мүшесі Айнұр Сатыбалдинова.

Мемлекет басшысы ұсынған бастаманы Жаңасемей ауданының жастары Бородулиха ауданының жастарына жолдап, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды.

Облыста барлығы 1 068 су көздері мен өзендер, 55 көл, сондай-ақ 95 гидротехникалық құрылыстар бар.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button