Кеше қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов көпқабатты үйлер мен жерасты өткелдерінің қасбеттерін жөндеу бойынша, сондай-ақ Суық бұлақ кентіндегі жаяу жүргіншілер көпірінің жағдайы бойынша көшпелі кеңес өткізді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Тексеру барысында қала әкімі бірінші кезекте Қ.Мұхамедханов көшесіндегі жерасты өткелінің жөнделуін тексерді.
Семей қаласында 8 жерасты өткелі бар, 2023 жылы 4 жерасты өткеліне күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта Қ.Мұхамедханов көшесіндегі жерасты өткеліне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары кезінде жерасты өткелінде әртүрлі пішіндегі муралдар бейнеленеді, жарықтандыру және бейнекамералар орнатылады.
Сондай-ақ, Қ.Мұхамедханов көшесіндегі жерүсті өткелін, лифт жабдығын ауыстыра отырып, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Нұрбол Нұрсағатов Суық бұлақ кентінің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар Суық бұлақ кентіндегі аспалы көпірдің сапасына шағымданды. Қазіргі уақытта көпір тіректері тозған, құлау қаупі бар. Қала әкімі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасиловқа жөндеуді қажет ететін көпір бөліктерін ауыстыруды тапсырды.
Semeynews.kz