Абай облысының әкімі өңір тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңір тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Құрметті жерлестер!
Ынтымақ нұрын төгіп, достықтың дәнін сепкен ұлық мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні баршамызға құтты болсын!
Бақытын еңбектен тапқан Абай елі бабалар өсиетін арқау етіп, «Адамзаттың бәрін, бауырым деп сүйіп», ел бірлігін еселеп келеді.
Қазақтың байтақ даласы бүгінде көптеген ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Еліміз бауырмалдықтың, кеңпейілдіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Бірлік бар жерде ғана береке бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Семей жерінде «Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір, сондықтан әрқашан да бірге болайық!» – деген ұлағатты сөзі әлі есімізде.
Жүзі бөлек болса да жүрегі бір, тілі бөлек болса да тілегі бір ұлт пен ұлысты біріктірген мемлекетімізде бейбітшілік мәңгі салтанат құрсын!
Өңір дамуына ерекше үлес қосқан барша жерлестеріме шынайы алғысым мен ризашылығымды білдіремін!
Келешегіміз баянды болсын!
Құрметпен, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев