Семейлік әскерилер “Таза Қазақстан” акциясына белсенді қатысуда
Абай гарнизонының әскери қызметшілері «Таза Қазақстан» акциясы аясында ашық аспан астындағы әскери техника музейін жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Шығыс» аймақтық қолбасшылығының қару-жарақ және әскери техника музейінде артиллериялық қондырғылар, авиация, бронетанкілік техникалар секілді әскери техникалар мен қару жарақтың жиырмадан астам үлгілері қойылған. Сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс пен соғыстан кейінгі жылдардағы әскери техникалардың үлгілері бар.
- Бұл ашық аспан астындағы әскери техника музейі семейліктер мен қала қонақтарына қару – жарақ тарихымен танысып, әскери техникаларды өз көздерімен көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастарды Отанын сүюге баулып, патриоттық тәрбие беруде алар орны ерекше. Сондықтан музейге жыл сайын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Әскери техникалар боялып, музей аумағы тазартылады, – дейді Гарнизондық офицерлер үйінің бастығы майор Болатбек Айтқалиев.
Айта кетейік, Семей қаласындағы ашық аспан астындағы әскери техника музейі Абай гарнизонының жеке құрамының күшімен бұрын бос қалған саябақ аумағында құрылған. Музей 2008 жылы Жеңіс күні қарсаңында салтанатты түрде ашылып, семейліктер мен қала қонақтарына қызмет етіп келеді.
Semeynews.kz