Абай облысыауылшаруашылығыТОП

Абай облысындағы балық шаруашылығын дамытуға 10 миллион теңге бөлінеді

Абай облысында балық ресурстарын қорғау және балық шаруашылығын дамыту бойынша шаралар жалғасуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында рейдтер барысында 70-тен астам заң бұзушылық тіркелген. Тақырып туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте “Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы” РММ басшысы Талғат Рахымжанов мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

  • Рейдтер нәтижесінде біздің инспекторларымыз балық қорғау заңнамасын бұзудың 76 жағдайын анықтады. Бұзушыларға жалпы сомасы 1,3 миллион теңгеге айыппұл салынып, ол толығымен өндірілді. Рейдтер барысында 56 килограмм бөлшектелген балық түрлері, 90 бірлік аулау құралдары, оның ішінде 73 иесіз торлар тәркіленді. Сондай-ақ 1 қылмыстық іс қозғалды,- деп атап өтті Талғат Рахымжанов.

16 сәуірден 30 мамырға дейін облыста “уылдырық шашу” акциясы өткізіледі. Осы акция аясында Щульба су қоймасы мен Ертіс өзенінде Щульба ГЭС-тен Павлодар облысының әкімшілік шекарасына дейін балықтың уылдырық шашуына байланысты балық аулауға тыйым салынады.

Санкциялар Жеке тұлғаларға балық аулау ережелерін өрескел бұзғаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды, сондай-ақ құрал-саймандарды тәркілеуді көздейді. Ал, бір жыл ішінде қайта заң бұзушылық айыппұлдың 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаюына, және де құрал-саймандардың тәркіленуіне қатаң ескерту жасалады, – деп ескертті спикер.

Айта кету керек, облыста балық өсіру де белсенді дамып келеді. Тауарлық балық өсіруді дамыту бағдарламасына сәйкес 2024 жылға 100 тонна балық жоспарланған.

  • 3 айда Абай облысының балық шаруашылығы субъектілері 10 тонна өсірді. 2023 жылы 68,5 тонна өсірген. Субсидиялауға 4 млн. теңге қарастырылған. Балық шаруашылығы субъектілерінен өтінімдердің болмауына байланысты ақша игерілмеген, – деп түйіндеді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы” РММ басшысы.

Аквамәдениетті дамытуды қолдау аясында биыл жергілікті атқарушы органдар шамамен 10 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, өңірде балық шаруашылығы су айдындарын пайдалануды оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. Жергілікті маңызы бар 34 су айдынының 19-ы пайдаланушыларға бекітілген, қалғандары резервте. Олардың жетеуін ағымдағы жылдың тамыз айында конкурсқа шығару жоспарлануда.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button