Абай облысыТОП

Абай облысының әкімі азаматтарды жеке қабылдады

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті мәрте қабылдау өткізді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Әкімге өтініш айта келгендер денсаулық сақтау, тарихи-мәдени, ономастика, баспа ісі, сәулет өнері, тұрғын үймен қамтуға қатысты өз сауалдарын жолдады.

Бұдан бөлек ТҮКШ, орта және шағын бизнеске қолдау білдіру, жасөспірімдер арасында волейбол спортын дамыту, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер көтерілді.
Әр сұрақты мұқият тыңдаған аймақ басшысы тиісті мамандармен ақылдаса отырып, мәселені заң аясында шешу жолдарын ұсынды.

«Біз көмекке мұқтаж, атқарушы биліктен қолдау күтіп келетін әр азаматқа жәрдем беруге әзірміз. Тек, ол «бармақ басты, көз қысты» әрекетке ұласпауы керек. Барлығы еліміздегі белгіленген тәртіппен, қабылданған заңның аясында шешілуі тиіс», -деді облыс әкімі.

Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің бірқатары сол жерде шешімін тауып, өтініш білдірушінің сауалы қанағаттандырылды. Ал кейбір өтініштер бойынша әкім жауапты басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне белгіленген мерзімде біржақты шешім шығаруға тапсырма жүктеді.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтарды қабылдау орталығы мына мекен-жайда орналасқан: Абай облысы, Семей қаласы, Абай көшесі, 86-үй. Қабылдауға 36-12-62 нөмірі арқылы жазылуға болады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button