Абай облысында биыл 4350 түлек ҰБТ тапсырады
Биыл Абай облысында 4878 түлек мектеп бітірсе, оның ішінде 4350 бала ҰБТ тапсырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Абай облысы білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Әмірханова Макия Көбентайқызы мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Бөлім басшысының айтуынша, орта білім туралы аттестат алу үшін 11-сынып түлектері қорытынды аттестаттау ретінде мемлекеттік емтихандардан өтеді. Ал, жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. ҰБТ биыл шамамен 16 мамыр – 5 шілде аралығында өткізілмек.
- Оқушыларда Ұлттық бірыңғай тестілеуге кіру үшін өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. 16 жасқа толмағандардың жеке куәлігі жоқ болса, мектеп мөрімен, директорының қолымен бекітілген анықтама және туу туралы куәлік болу қажет. Егер, тестілеуші жеке куәлігін ұмытып кеткен жағдайда, eGov mobile қосымшасындағы жеке куәлігін электронды түрде ұсынуға болады, – деді Мәкия Көбентайқызы.
Биыл 224 оқушы «Алтын белгіге» үміткер, ал үздік аттестатқа үміткерлер саны – 443 оқушыны құрайды.
- Жалпы тест тапсыру уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тапсырмаларды орындау үшін 40 минут қосылады. Маңызды өзгеріс міндетті пәндер бойынша тапсырмалар санын азайтуға қатысты. 2024 жылы «оқу сауаттылығы» және «математикалық сауаттылық» 5 сұраққа қысқартылды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді, – деді бөлім басшысы.
Ең жоғары балл саны өзгеріссіз қалды – 140 балл. Облыс бойынша қаңтар айында ҰБТ-ға 3 мыңнан астам, наурыз айында 4 мыңға жуық түлек қатысқан.
- Грантқа түсу үшін түлектердің 2 мүмкіндігі бар: мамыр – маусым айларында. Ақылы оқу үшін 3 мүмкіндік: қантар, наурыз, тамыз айларында. Компьютер интерфейсінде калькуляторды, периодтық жүйені және тұздар ерігіштік кестесін пайдалануға болады. ҰБТ кезінде қандай да бір бұзушылық болған жағдайда нәтиже жойылады, ал бұзушы тестілеу орнынан шығарылады, – деді спикер.
Электрондық сессия аяқталғаннан кейін апелляцияны 30 минут ішінде беруге болады. Тапсырмалардың мазмұнында қателер, тесттерді орындау кезінде техникалық қателер орын алса ғана аппелляцияға беруге мүмкіндік бар. Тестілеу нәтижесі e-Gov Mobile мобильді қосымшасында Жеке кабинетте сандық түрде қол жетімді болады.
Semeynews.kz