Абай облысы әкімдігі жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысы өтті
Отырыста өзекті мәселелер, сондай-ақ 2023 жылғы қорытындылар және азаматтық қоғам идеясын іске асырудағы үкіметтік емес сектордың ағымдағы жылға арналған жоспарлары талқыланды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев өңірде 360 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтінін атап өтті.
2023 жылы ішкі саясат басқармасы облыстың қалалары мен аудандары 28 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Ал ағымдағы жылы 38 әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарлануда. Мемлекеттік тапсырыс азаматтық қоғамның белсенділігіне оң әсер етеді және өзекті мәселелерді шешуге ынталандырады, – деді Айдар Садырбаев.
Өз сөзінде басқарма басшысы облыстың ҮЕҰ-ның республикалық деңгейдегі жетістіктерін де атап өтті.
- Астанада өткен Азаматтық форумда өңірдің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері жеңімпаз атанды. “Таңдау” сыйлығын алған үздік 10 ҮЕҰ қатарында “Прииртышье” және “Келешек-Болашақ” қоғамдық бірлестіктері бар. Сонымен қатар, Жанна Жибраева бастаған “Жанұя Орталығы” қоғамдық қоры да жоғары сыйлықпен марапатталды, – деп толықтырды басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Абай облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2023 жылы 847 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетті.
Жалпы, Абай облысында 4000-ға жуық ерікті бар. Волонтерлік бағытта жұмыс істейтін 8 ҮЕҰ, оқу орындарының базасында 23 волонтерлік ұйым және 19 бастамашыл топ тіркелген.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты ілгерлету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Semeynews.kz