Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды.
«Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкімет басшысының орынбасарларына су басқан аймақтарды аралауды тапсырды.
«Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс», — дейді ол.
Бүгін Мемлекет басшысы су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жолдады.
Semeynews.kz