Ақсуатта қауіптің сейілуіне байланысты төтенше жағдай режимі тоқтатылды
Бүгін аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының төрағалығымен аудандық жедел штабтың соңғы отырысы өтті. Оған штаб мүшелері толық құрамда қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Аудан әкімі табиғаттың тосын мінез көрсетіп, 26-наурыздан бастап 1 аптаға жуық ауылдар мен елді мекендерге таулы аймақ пен қыраттардан еріп келген қарғын судың қаупі төнгенде дер кезінде атқарылған алдын алу іс-шараларының нәтижесінде тұрғын үйлер мен қора-жайларға, төрт түлік малға ешқандай залал келмегендігін атап айтты.
Аудандық жедел штаб жетекшісі Қ.Мауадинов хабарламасында айтылғандай, әрбір іс-әрекет аудан әкімі өткізген жедел штабтың отырыстарында айқындалып, сол алгаритм бойынша барлық мемлекеттік бөлім, мекемелер, атқарушы органдар, төтенше жағдайға қарсы қызмет мекемелері, ауыл азаматтары, ерікті жасақтар су тасып жатқан аймақтарда күш жұмылдыра жұмыс атқарды. Нәтижесінде республикалық, облыстық, аудандық маңыздағы автожолдардан асып-тасып аққан қарғын су ауылдарға жіберілмей өзен арналарына бағытталып отырды. Автожолдар мен көпірлер, су өткелдері ғана бүлінді.
Жиында аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, сәулет құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы С.Смағұлов көктемгі су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру бойынша атқарылатын жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Иманқажы көктемгі су тасқынының алдын алуда келешекте атқарылуы тиісті жұмыстарға тоқталып, өзінің ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі тосыннан келген тасқынмен күресте ауылдарымызды аман алып қалу жолында жанашырлықпен, береке-бірлікпен зор үлес қосқан барлық мемлекеттік мекеме ұжымдарына, ауыл әкімдеріне, құқық қорғау органдарына, ауыл азаматтарына, «Ақсуат» ММК-ға, еріктілер жасағына өз алғысын білдірді.
Қарғын судан келетін қауіп-қатер толықтай сейілгендіктен, 28-наурызда енгізілген жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі 3-сәуірден бастап тоқтатылды. Ендігіде қарғын судан келген залалдарды қалпына келтіру жұмыстары түпкі нәтижесіне дейін жалғаса беретін болады.
Semeynews.kz