Абай облысында әйелдер көшбасшылығын дамытуға 4 миллион теңге бөлінді

Абай облысында әйелдерді қолдауға және жетекшілік ету әлеуетін дамытуға 4 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында “СОЦKZ” қоғамдық қорының атқарушы директоры Найля Мамырбекова мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Спикердің айтуынша, жоба әйелдердің қоғамдық өмірдің түрлі салаларына қатысуын күшейтуге, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және мүмкіндіктерін ашуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
- Жоба аясында 1 сәуірден бастап жұмыспен қамту басқармасының негізгі өкілдерінің, қаржы мамандарының, депутаттардың және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен семинар-тренингтер, форумдар және мотивациялық кездесулер өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, жоба шеңберінде көшбасшы әйелдердің өзара тәжірибе мен білім алмасуына, бір-бірінен үйренуіне мүмкіндік беретін платформалар құрылады, – деді Найля Мамырбекова.
Іс-шаралармен қатар стратегиялар мен тәсілдерді іске асыру процесстерін түзету бойынша жобаның тиімділігін бақылау және бағалау жұмыстары жүргізілмек.
- Көкпектіде сәуір айында өтетін бірінші семинар-тренинг «Ауылдағы әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру» тақырыбына арналмақ. Оған 18-50 жас аралығындағы қыз-келіншектер қатыса алады. Шарада бірнеше ауданның өкілдері, Абай облысы мәслихатының депутаты, қаржылық сауаттылық мамандары мен түрлі ұйым өкілдері, жалпы 60 адам қатысады, – деп атап өтті “СОЦKZ” қоғамдық қорының жетекшісі.
Абай облысында “Жаһандану мен қазіргі заманғы тәуекелдерді ескере отырып, әйелдер көшбасшылығын дамыту” жобасы 1 сәуірден 30 қазанға дейін жүзеге асырылады.
Semeynews.kz