Абай облысының Бесқарағай ауданында да су апатымен күрес басталды

Ауа температурасының күрт көтерілуі және қардың қарқынды еруі нәтижесінде Абай облысындағы тағы бір аудан аулаларын су басты.
Облыс орталығынан 106 шақырым жерде орналасқан Бозтал ауылында дала аумағынан еріген су келіп, он тұрғын үйді су алып кетті. Бесқарағай полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды дереу жергілікті мектепке эвакуациялады.
Бозтал ауылында барлығы 103 үй бар, халық саны 287 тұрғынды құрайды.
Қазіргі уақытта тағы жеті үйді су басу қаупі бар. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полицейлер мен №68303 әскери бөлімінің қызметшілері жергілікті жерде су апатымен күресуде. Барлығы 56 қызметкер, 11 бірлік автокөлік құралдары мен арнайы техника жұмылдырылды.
Ауданға Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков келді.
Semeynews.kz