ҚоғамМерекеСемейТОП

Семейде Наурыз мейрамы жоғары деңгейде атап өтілді

Биыл күллі тіршілік атаулы ұйқыдан оянып, күн мен түн теңеліп, төрт түлік төлдеп, жер-жаһан жаймашуақ нұрға бөленетін Наурыз мейрамын Семей жұртшылығы ерекше ілтипатан қарсы алды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Мерекелік шаралар таңертеңгі сағат 10-да басталды. Мейрамның бас ордасы болған Орталық алаң мен Арбатта екі күн бойы 14 киіз үй тігіліп, негізгі концерттік бағдарламадан бөлек театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойналып, спорттық жарыстардан жүлдегерлер анықталды. Биылғы киіз үйлердің негізгі ерекшелігі – әр киіз үйде сол ауылдың атауына байланысты көрмелер қойылып, тарихи тұлғалардың қолданған жеке заттарынан шағын мұражай ұйымдастырылды. Ақшаңқан ағаш үйлерді Семей қаласы әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік және жеке мекемелер, қоғамдық ұйымдар да құрды.

Бас алаңнан бөлек қаладағы 7 алаңда бір уақытта мереке тойланды. Әуезов, Тері- былғары комбинаты, Теміржол вокзалы, Силикат зауыты, Кең-Сарай мейрамханасының алдында және Қарағайлы шағын ауданы мен “Asima” СҮ-де киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттік бағдарламалар қойылды. Қала бойынша барлық киіз үйлерде палау, наурыз көже, бауырсақ және ыстық шай тегін таратылды.

Сонымен қатар, арқан тартыс, қол күрес, асық ойыны, қой көтеру сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Спорттық жарыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Сондай-ақ, Қазақстан эстрада әртістері Sadraddin, Turar, Алатау серілерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті. 12 сағатқа созылған ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараны 20 000-ға жуық халық тамашалады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button