СемейТОП

Семейде Наурыз мерекесіне арнайы 14 киіз үй тігіледі

Семей қаласында Наурызнама онкүндігінде жоспарланған негізгі іс-шаралар 21-22 наурыз аралығында өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Маржан Бахатова баяндады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

  • Биыл Наурыз мерекесін тойлаудың басты тұжырымдамасы бойынша, күндіз қаламыздың шағын аудандарында 14 киіз үй тігіледі. Олардың тақырыптары 2024 жылы мерейтойлары тойланатын Кенен Әзірбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және Тұрар Рысқұлов, Қаныш Сәтбаев, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Бердібек Соқпақпаев және Әбдіжәміл Нұрпейісовтың құрметіне арналады. Киіз үйлер аталған қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына байланысты безендірілмек,- деп атап өтті спикер.

Бұдан бөлек, орталық алаңда бірнеше театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарламалар көрсетілетін басты сахна орнатылады. Сондай-ақ, кең көлемді шоулар, Алатау Серілері, Sadraddin, Turar сынды дәстүрлі орындаушылар және эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өткізіледі.

  • Жоспар бойынша орталық алаңда күндіз мерекелік концерт және кешке open-air ұйымдастырылмақ. Жалпы, мерекелік шаралар қаланың барлық аудандарында бір уақытта, сағат 11:00-де басталады. Осы сәттен бастап, қаланың орталық алаңында сәндік – қолданбалы өнер көрмелері, жарыстар, спорттық ойындар мен сайыстар өткізіліп, мерекені тойлауға келген қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық тағамдар ұсынылады, – деді Маржан Бахатова.

Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов әдеттегідей Наурыз мерекесінде қаланың бірнеше көшелерінде көлік қозғалысы шектеу қойылатындығын мәлімдеді. Атап айтқанда, 20-23 наурыз аралығында Мұхамедханов көшесінің Абай көшесімен қиылысынан бастап Ибраев көшесіне дейінгі қозғалыс аралығы шектеледі. 22 наурыз күні Абай көшесінің Мұхамедханов көшесімен қиылысынан бастап Аманов көшесіне дейін, Қозбағаров көшесінің Абай көшесімен қиылысынан Ибраев көшесіне дейін жол уақытша жабылады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button