Абай облысыҚоғамМерекеТОП

Абай гарнизонының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагерін Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады

Абай гарнизонында әскери қызметшілер Ұлы Отан соғысының ардагерін 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, арнайы құттықтау грамотасын табыс етті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Қанат Шарипханов, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облыстық филиалының мүшесі Ержан Сүлейменов және департаменттің ардагерлермен жұмыс қызметінің бастығы аға лейтенант Санжар Сабырғалиев 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері Екатерина Краснянскаяны құттықтап, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің арнайы құттықтау грамотасын табыстады.

Ұлы Отан соғысына қатысушы Екатерина Краснянская алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанған, бүгінгі күні ардагер 96 жасқа келіп отыр. 1942 жылы 14 жасар жасөспірім қыз әскери госпитальға санитар ретінде жұмысқа кетті. Екатерина Семеновна соғыс жылдарында жау қолына елді бермеу үшін ерлермен тең ерлік көрсеткен қаһарман батыр. Ол Волхов және Ленинград майдандарында шайқастарға қатысқан. «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Екатерина Семеновна өзін елеп-ескеріп құттықтап келген әскери қызметшілерге алғыс айтып, барша қазақстандықтарға бейбіт аспан мен зор денсаулық тіледі.

Өз кезегінде Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Қанат Шарипханов Екатерина Семеновнаға ұзақ өмір, қажымас қайрат және балаларының қызығын көруді тілеп, арнайы сыйлығын табыстады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button