Семейде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты концерт өтті

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Абай облысының орталығында «Бәрінен де сен сұл» атты салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құттықтау сөзінде әйелдер – тіршіліктің тірегі, жер жаһанның жүрегі, шаңырақтың шырағы мен шарайнаның шырайы, өнер мен өмірдің мәні екен атап өтті.
«Әділдік төрге озып, қайта құрылған Абай облысының бүгінгі тыныс-тіршілігін де білімді, белсенді, әр іске байыпты қарап, байсалды мінез танытатын әйелдерсіз елестету қиын. Әр саланы жетік меңгерген, берері мен айтары бар іскер әйелдер – біздің мақтанышымыз! Тектіліктің тамыры тарап, ұлылықтың ұясы болған – Абай елінде, Айпара анамыздай ұрпақ қамын ойлап, Зере әжеміздей Заңғар тұлға тәрбиеген, дүниеге, Ұлжан анамыздай – ұлы перзент әкеліп, Қызай, Мұрын аналарымыздай тұтас елге қамқор болған, туған халқын, Бибігүл мен Розадай сүйген, асыл жандар аз емес!», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Іс-шара барысында Абай театрының фойесінде аспаптық ұжым өнер көрсетті, ал қонақтарды «Жас Ұлан» әскери училищесінің оқушылары қарсы алды. Залда өңірлік өнерпаздардың туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Концертті Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі және Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище студенттерінің хоры ашты. Концерт барысында «Жайдарман», «Падам падам», «Маскарад» және т. б. композициялары орындалды.
Сондай-ақ, 8 наурызда «Жаңаsound» мерекелік концерті жоспарланған. Облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі белгілі қазақстандық және шетелдік фильмдердің ең жарқын және танымал туындылары мен саундтректерін орындайды.
Semeynews.kz