Қазақ шаруаларының құрылтайы өтіп жатыр
Астанада «Азық-түлік қауіпсіздігі» атты қазақ шаруаларының құрылтайы өтіп жатыр. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған құрылтайда ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер жан-жақты талқыланып жатыр.
Құрылтайға еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғай ауылдардан 300-ге жуық шаруа қатысып жатыр. «Шопан ата» ұлттық агро-қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаев өз баяндамасында қозғалыстың жүйелі жұмысы көптеген шаруаның проблемасын шешуге мүмкіндік бергенін айтты.
«Көбі «Шопан ата» не тындырып жатыр, әйтеуір шулатасыңдар да жүрсіңдер деп сұрап жатады. Осы уақытқа дейін қозғалыс Маңғыстаудағы құрғақшылықтан бастап 40-қа жуық мәселені шешуге атсалысты. Биліктің назарын аударта білді. Бұған дейін Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласына жылына 2 млрд. теңге қаржы бөлінетін. Қазір 8 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Себебі, біз мәселені көрсеттік, талдап бердік, шешу жолын көрсеттік. Әлі де атқарылар шаруа шаш-етектен. Оны мемлекеттік органдармен бірлесе шешу маңызды», — деді А. Садырбаев.
Құрылтай барысында «Шаңырақ» ұлттық агро-қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің таныстырылымы болды. Бірлестік Қазақстанның жылқы өсірушілер одағы қауымдастығымен, Қазақстан су саласының ұлттық қауымдастығымен, фермерлік жылыжайлар қауымдастығымен, Түркістан облысының шаруашылық өнімін өндірушілер қауымдастығымен, «Жетісу» қой шаруаларының аймақтық қауымдастығымен, ҚР ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығымен, Фермер.кз қоғамдық бірлестігімен меморандумға қол қойды.
Меморандум мақсаты — агросаладағы қоғамдық ұйымдарды біріктіру. Әзірге бірлестік құрамына 20-дан астам ұйымдар кіріп отыр. Бірлестік азық-түлік қауіпсіздігі бойынша лоббизмге жол бермей, ел мүддесін алға қоюды мақсат етуде.
Semeynews.kz