Болашаққа көзқарас: көру қабілетінің сапасы өмірімізге қалай әсер етеді
Көру – бұл маңызды сезімдердің бірі, оны сақтап, күту қажет. Көздің көруі нашарламау үшін дәрігерлер кем дегенде алты айда бір рет диагностикадан өтуді ұсынады!
“Көз – жанның айнасы және адам ақпараттың 80%-ын көз (визуалды қабылдау) арқылы қабылдайды. Көру қабілетіндегі шамалы өзгерістерді байқап, уақытында мамандарға жүгіну қажет”, – деді офтальмохирург Асқар Құмарбеков.
Қордың облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, МӘМС аясында ересектер мен балаларға офтальмологиялық қызметтердің кең аясы көрсетіледі. Семейде жеке және мемлекеттік бірнеше офтальмологиялық клиникалар жұмыс істейді.
“Astana Vision Semey”-ге 68 жастағы науқас көру қабілетінің төмендеуіне, сол жақ көзінің тұманданып бара жатқанына шағымданды. Витореоретинальды хирург Асқар Құмарбеков науқас көзін тексеріп, қарады.
“Біз пациенттің сол көзінде толық гемофтальм бар екенін анықтадық. Нақтырақ айтсақ, бұны көз алмасының шыны тәрізді қуысына және оның айналасындағы құрылымдарға қан кетуді айтамыз. Аурудың ауырлығына байланысты және операциядан кейінгі кезеңде одан әрі динамикалық бақылау үшін пациент тәулік бойы стационарға жатқызылды”, – деп толықтырды офтальмохирург.
МӘМС аясында хирургтар ауаны кіргізу арқылы субтотальды витрэктомия жүргізді. Аталған микрохирургиялық араласуда көздің ішкі құрылымдары аз зақымдалады. Жеке клиникада витрэктомияның құны шамамен 500 мың теңгеден асады.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында қазақстандықтарға МӘМС есебінен жоғары технологиялық операциялар тегін қолжетімді. Бұл патология пациенттің міндетті түрде ауруханада болуын талап етеді. Абай облысында торлы қабықты хирургиялық емдеумен, оның ішінде макулярлы жарылу хирургиясымен айналысатын жалғыз клиника – біздің клиника”, – деп толықтырды Асқар Құмарбеков.
Semeynews.kz