Ұлттық ұлан сарбаздарына бауырсақ таратты

Алғыс айту күніне орай Курчатов қаласының достық үйінің әдіскерлері, Аманат партиясының төрайымы, қазақ “Атамұра” оралығының мүшелері “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы 3514 әскери бөлімінің сарбаздарын мерейлі мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Айтулы күні арнайы меймандар мерекелік ізгі тілектерін жолдап, мерзімді әскери қызметшілерге ұлттық тағамдар таратты. Қазақ “Атамұра” орталығының мүшесі Бақыт Оспанова тағылымды шараның тарихына кеңінен тоқталып, атаулы күннің маңыздылығына баса назар аударды. Ол өз сөзінде алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі екендігін алға тартып, бұл мереке алғаш рет 2016 жылы бекітілгенін және ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында қазақстанның соңғы жүз жылда басынан өткерген тарихи оқиғалардың көрінісі іспетті екендігін атап өтті.
Шырайлы шараға қатысушылардың бірі қатардағы жауынгер Ерасыл Найманов. Өскемен қаласынан шақырылған мерзімді әскери қызметшінің есінде бүгінгі оқиға ұзаққа сақталатыны айдан анық.
– Шыны керек, күнделікті асханадағы дәстүрлі ас мәзірінен жалығатын кездер болады. Өйткені, ауқаттанар алдында не жейтініңді бес саусақтай біліп тұрасың. Ал әскери бөлім меймандарының біз үшін әзірлеген бауырсақтары баршамызға қуаныш сыйлады. Өз басым, бауырсақтан дәм татқанда, ауылдағы апамды есіме алдым. Өйткені, ақжаулықты кейуананың қолынан талай шелпек, бауырсақты жеп ержеткен сарбаз едім, – дейді қатардағы жауынгер.
Айта кетейік, Курчатов қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3514 әскери бөлімінде тоқсанға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өткеруде. Мемлекет үшін аса маңызды стратегиялық аймақты қамтамасыз етуде әскери бөлімнің жеке құрамы жүктелген міндеттерді қалтқысыз абыроймен атқарып келеді.
Semeynews.kz