Абай облысы

Абай облысында алғаш рет «Қарызсыз қоғам» жобасы бастау алды

Семейде «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы бойынша оқу басталды. Республикалық тегін оқуытудың мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену.

Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша тегін курс республикалық саяси ұйымның қалалық немесе аудан­дық филиалдарында өтеді. Курсқа келгендер 5 күн оқиды. Бір айда 3 топ оқыту жоспарланып отыр. Алғашқы оқытуға 100-ге жуық қала тұрғындары қатысты. Олар қаржыны қалай сауатты жұмсау керегін, есепсіз несиеге жоламаудың жолын үйренді.

Жоба арқылы қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді анықтау жолдарын үйренуге болады. Осылайша, курс соңына дейін Абай облысында жалпы 6500-ден астам азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған.

«Жоба аясындағы оқуға тіркелу үшін тұрғылықты мекен-жайларына байланысты тиісті мекемеге барып, жазылуға болады. Оқу ақысыз. Оқу аяқталғаннан кейін сертификат беріледі. Егер мемлекет тарапынан субсидия, гранттарға, несие беретін жобаларға, конкурстарға қатысатын болса, онда біздің курсты оқыған оларға тиімді болады. Жобаға қызығушылық танытқан әр адам қатыса алады. 9:00-ден 13:00-ге дейін дәрістік оқыту болса, 14:00-ден 17:00-ге дейін кеңес беру қызметі көрсетіледі», – деді Абай облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы С. Еркінова.

Әр өңірдегі халықтың санына және олардың несиелерінің, қарыздарының мөлшеріне байланысты жоспар дайындалған. Оған сәйкес Абай облысы бойынша 4 тренер қызмет атқарады. Олар 5 ақпаннан бастап Көкпекті, Аягөз аудандарында және Курчатов пен Семей қалаларында қызмет атқаруды бастады.

Оқу бағдарламасы несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқтар, жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған.

Semeynews.kz

 

 

Осы айдарда

Back to top button