ҚазақстанҚоғамПрезидентТОПШҚО

Президент Өскемен титан-магний комбинатына барды

Мемлекет басшысы «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамындағы өндіріс жұмыстарының жай-күйімен және кәсіпорынның даму перспективасымен танысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Комбинат шикізат өндіруден бастап одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің бүкіл циклын қамтитын кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас кәсіпорындардың бірі саналады. Өндіріс құрылымы 5 негізгі және 6 қосалқы цехтан, сондай-ақ еншілес әрі бірлескен кәсіпорындардан тұрады. Әлемдегі титан нарығының 11 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал аэроғарыш саласындағы титанның 20 пайыздан астамын біздің ел қамтамасыз етеді.

президент
Фото: Ақорда

 

Мемлекет басшысына комбинат өнімін Airbus, Boeing, TIMET, ATI, Safran, UKAD, Pratt&Whitney, General Electric, Dynamet, Howmet, POSCO, Baoti, MIDHANI секілді әлемдік ірі компаниялар сертификаттағаны туралы баяндалды. Қазақстан титаны кеме жасау ісінде, энергетика, аэроғарыш салаларында, мұнай-газ кәсіпорнында және медицинада кеңінен пайдаланылады. Өнім АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Оңтүстік Кореяға, Үндістанға және Қытайға экспортталады.

Алдағы он жылда комбинат жалпы сомасы 207 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

президент
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс цехтарын аралап көріп, комбинат жұмысшыларымен әңгімелесті.

президент
Фото: Ақорда

– Бұл комбинат көптеген өлшем бойынша озық мекеме саналады. Заманауи құралдармен жабдықталған. Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орын алады. Еліміз үшін мұндай кәсіпорындар өте қажет. Жұмыстарыңыз табысты болсын, – деді Президент.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button