
Бұдан бұрын Семей қаласының әкімдігі қалаға кіретін аумаққа кіру белгісінің үздік архитектуралық тұжырымдамасына байқау жариялаған болатын. Байқауға шығармашылық шеберханалар, жарнама агенттіктері мен фирмалары, дизайн студиялары, жобалау ұйымдары, сабақтас кәсіптердің мамандары, авторлық ұжымдар қатысып, 6 мекемеден 35 жоба ұсынылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Байқаудың негізгі мақсаты –қалаға кірген кезден бастап, Семей қаласының жаңа сәулеттік-көркемдік және эстетикалық мүмкіндіктерін көрсететін үздік тұжырымдамалық жобаны анықтау.
Байқау 2023 жылдың 1-20 желтоқсан аралығында өтті. Қорытынды шешім 2024 жылдың қаңтар айында комиссия мүшелерінің көпшілігімен ашық дауыс беру жолымен қабылданды. Комиссия құрамында қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәдениет саласының қызметкерлері және Қазақстан сәулетшілер қоғамының мүшелері бар.
Комиссия қорытындысы бойынша “SK-art” мекемесінің жобасы үздік архитектуралық тұжырымдамасы байқауының жеңімпазы деп танылды.
Жоба авторларының мәліметінше, стелланың биіктігі 10 метр, ені 2-5 метр. Жобаға сәйкес стелланың сыртқы қабаты арнайы өңделген металдан жасалған. Айқастырылып жасалған қабырғалар 3D әсерін береді, ал арнайы бояу техникасы ультракүлгін сәулеленуге және ауа – райына төзімді. Бұл шағын архитектуралық форма корозиясының алдын алады. Ішкі және сыртқы жарықтандыру стелланы күндіз де, түнде де алыстан көрінетін етеді.
«Семей қаласы үшін Стелла туралы ойлана отырып, біз ғылым мен мәдениет тоғысқан осы қала тарихын атап өткіміз келді», – делінген автор ұсынған сипаттамада.
Semeynews.kz