Абай облысыБілімТОП

Абай облысының оқушысы “Ақылды бесік” жасады

Бесқарағай ауданы Борас орта мектебінің 11-сынып оқушысы Козлов Кирилл “ақылды бесік” жасады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Кирилл өз жұмысында баланы күтуге арналған қымбат құрылғылардың орнына қарапайым заттарды пайдаланған. Ата-аналардың тікелей араласуынсыз бесікті басқаруға болады. Бесікті автоматтандыру арқылы оқушы барлық пайдаланушы үшін барынша жайлылық, қауіпсіздік және ресурстарды үнемдегісі келді.

Кирилл автоматты “ақылды бесік” құрудың негізгі идеяларын қарастырып, бесік моделін ұсынып отыр. Қарапайым бесіктің мүмкіндіктерін автоматтандыру тәсілдері арқылы сынап көрді. Ата-аналарға уақыт үнемдеуді арттыруға мүмкіндік беретін модельдің жұмыс істеу алгоритмдерін әзірлеп зерттеді.
“Ақылды балалар бесігі” ата-аналарға Android қосымшасы арқылы кішкентайларды бақылауға мүмкіндік береді. Ол бірнеше қызметті атқара алады: бесіктің тербелуі, баланы тыныштандыратын әуен, температура мен ылғалдылықты өлшеу және т. б.

Оқушы бесіктің күнделікті өмірде қолданылуын және қазіргі әлемдегі заттарды автоматтандырудың маңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Бала жылағанда бесік автоматты түрде баланы тербетеді. Сондай-ақ бесіктегі ылғалдылық деңгейін өлшейді, яғни дымқыл болғанда телефонға сигнал келеді және ата-аналар баланың жөргегін ауыстыру керек екенін сигнал арқылы біле алады. Бесіктегі температураны өлшеп, телефон арқылы көруге де болады.

Кирилл әр түрлі әуен, түнгі аспан проекциясы, жарық функцияларын қосқан. Сондай-ақ қазір Кирилл баланың ұйқысын бақылай алатын датчиктерді, тыныс алу немесе жүрек соғу жиілігін бақылауға болатын құрылғы орнатуды ойластырып жүр.

Болашақта автор бесік қауіпсіздігін жақсартуды жоспарлап отыр. Белгілі бір пайдалану уақытынан кейін автоматты түрде өшіру немесе кездейсоқ жабылып қалудың алдын алу сияқты қауіпсіздік мүмкіндіктерін де қоспақ.

Жетекшісі Жұматаева Арай Жұмағалиқызы, информатика пәнінің мұғалімі.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button