Мектеп оқушылары мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Ақылды үй” жасады
Абай облысы Бесқарағай ауданындағы Борас орта мектеп-бақшасының 8-сынып оқушылары Анастасия Фоминова, Айлина Серікбаева мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «ақылды үй» макетін жасады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Авторлардың айтуынша, үй қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Үй макеті күнделікті тапсырмаларды орындауды жеңілдетеді, әртүрлі қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Авторлар Ардуино бағдарламасы негізінде “Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақылды үй” және көру қабілеті нашар адамдарға көзілдірік пен таяқ жасады. Бұл заттардың прототиптері әртүрлі шектеулері бар адамдардың күнделікті өмірін жеңілдететін инновациялық шешім бола алады.
Көзілдірікті жасауда ультрадыбыстық сенсор пайдаланылған және көру қабілеті нашар адамдарға әртүрлі кедергілерден сақтануға көмектеседі. Құрылғы кедергіні немесе нысанды анықтай алады, дыбыстық сигнал сол нысанға жақындағанын ескертетін дыбыс шығарады.
Көру қабілеті нашар адамдарға арналған таяқ та осылай жұмыс істейді. Кедергіге дейінгі қашықтықты анықтауға арналған ультрадыбыстық сенсор бар, нашар көретін адаммен кері байланыс дыбыстық сигналдың (Buzzer) көмегімен қамтамасыз етіледі. Дыбыстық сигналдың орнына басқа құрылғыны да пайдалануға болады.
Ақылды үй жүйесі мобильді қосымшаның көмегімен есіктердің автоматты түрде ашылуын, қауіпсіздігін және басқа параметрлерін басқаруға мүмкіндік беретін көптеген тапсырмаларды автоматтандырады. Шектеулі архитектуралық кедергілері бар «ақылды үй» оның барлық тұрғындары үшін қол жетімділік пен инклюзивтіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Болашақта мектеп оқушылары бірнеше функцияны қосуды жоспарлап отыр: автоматты күтім жүйесі, «ақылды құрылғыларды» біріктіру, құлауды автоматты түрде анықтау, дыбыстық көмекшілерге интеграция жасау.
Бұл функциялар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «Ақылды үйдің» функционалдығы мен пайдалылығын едәуір жақсарта алады, қолдануға ыңғайлы етеді.
Жетекшісі: Жұматаева Арай Жұмағалиқызы, информатика пәнінің мұғалімі.
Semeynews.kz