ҚазақстанҚоғамТОП

Қазақстанның әскери оқу орындарында жаңа мамандықтар пайда болды

Еліміздің әскери оқу орындарында ҚР Қарулы Күштердің қажеттілігін өтеу мақсатында даярлау мамандықтарының тізбесі едәуір кеңейтілді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Жұмабек Ахметов айтып берді, – деп хабарлайды Semeynews.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Әуе қорғаныс күштері әскери институтында «Ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару» мамандығы бойынша кадр даярланады. Алғаш рет әскери теңіз мамандықтары бойынша іріктеу жүргізіледі. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына «Радиоэлектронды барлау және радиоэлектронды күрес», «Ақпараттық қорғау» және «Автоматтандырылған басқару жүйелері» мамандықтары болады», – деді Жұмабек Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына «Әскери істегі Журналистика және жұртшылықпен байланыс» және «Әскери істегі дирижерлық» жаңа мамандықтары бойынша қабылдау жүргізу жоспарланып отыр.

«Отандық оқу орындарында әскери мамандарды даярлау мамандықтарының спектрін ұлғайту арқылы шетелде әскери кадрларды даярлау 100-ден 60-қа дейін қысқартылды. Осылайша, біздің әскери білім беру жүйесі қалыптасты және заманауи талаптарға жауап береді», – деді Ж. Ахметов.

Айта кетейік, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру жүйесіне 9 әскери оқу орны кіреді. Орта білім бойынша 3 республикалық «Жас ұлан» мектебі, Астана мен Щучье қалаларында 2 техникалық және кәсіптік әскери колледж бар.

Жоғары білімде – Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғаныс күштері әскери институты және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мамандарды даярлайды. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура және докторантура) білімде – Ұлттық қорғаныс университеті бар.

Бұған дейін спикер Қазақстандағы әскери оқу орындарына құжат қабылдау мерзімі ұзартылғанын айтқан еді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button