Семейде бірқатар ауған соғысының ардагерлері марапатталды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінде өткен шара Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толу қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Салтанатты шарада алғаш болып сөз алған Абай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Қанат Шарипханов он жылға жуық созылған осынау қиын-қыстау кезеңде тайсалмай ерлік көрсеткен интернационалист жауынгерлерге алғысын білдірді. Ол Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі жастарға мықты тәлім болатынын айта кетіп, осындай шаралар жас қызметкерлерді тәрбиелеуде алатын орны ерекше кенін жеткізді.
Шара барысында 15 ақпан Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылған күніне 35 жыл толуына орай және еліміздің тыныштығын қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін Ауған соғысының ардагерлері, атап айтқанда Савет Айтпаев, Серікхан Жуанышев, Серікболсын Бейсенбаев, Серікбай Таутанов «Қоғамға қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Semeynews.kz