ҚазақстанҚоғамТОП

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қатар Үкіметі мен Қатар кәсіпкерлері қауымдастығына алғыс айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

Оның айтуынша, әлем бұрын-соңды болмаған сын-қатерге тап болған қазіргідей кезде саяси ерік-жігер мен экономикалық белсенділікті ұштастыру өте маңызды.

– Бүгін мен Қатар елінің басшылығымен нәтижелі кездесу өткіздім. Біз түрлі сала бойынша уағдаластықтарға қол жеткіздік және елдеріміздің үкіметтеріне оларды жүзеге асыру үшін тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырдық. Менің сапарым біздің көпжақты қатынастарымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен Қатар зор табысқа жетті. Көптеген ел сіздерден үлгі алады. Сіздердің ғажайып елдеріңіз – экономикасы қарқынды дамыған, тұрмыс деңгейі жоғары, қоғамы өркендеген мемлекет ретінде танымал. «Қатар – 2030» ұлттық бағдарламасында жаңғыру мен ұлттық құндылықтар өзара нақты әрі ерекше үйлесім тапқан. Барша қатарлық достарымызға осынау игі мақсатқа жету жолында табыс тілеймін, – деді Президент.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға мемлекеттік сапармен барғанын хабарлаған болатынбыз.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button