Абай облысыДенсаулық сақтауТОП

Барлығына уақтылы көмек

Алдағы бірнеше жылда Абай облысында 65 медициналық нысан салу жоспарлануда. Оның ішінде облыс орталығында бес медициналық мекеме салынады. Болашақта осы жерде 400 төсек-орынға арналған көпсалалы аурухана, 300 орындық емханасы бар балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы және Семей қаласының оң және сол жағалауындағы екі емхана бой көтереді. Сонымен қатар қалада нефрологиялық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Адамдар Жедел медициналық жәрдем ауруханасында, ал облыстың жас тұрғындары балалар оңалту орталығында сапалы медициналық және оңалту көмегін ала алады.

Семейде балаларды оңалту орталығы қажет екендігі туралы көптен бері айтылып келеді. Сонымен қатар білікті мамандардың уақтылы көмегін жаңа туған нәрестелер де, әртүрлі патологиялары бар балалар да ала алатын болады. Мәселен, 2021 жылы ШЖҚ КМК № 2 корпусы базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ретінде Семей перинаталдық орталығының үй-жайларын жаңғырту жүргізілді. Орталық 2022 жылдың қаңтарында ашылды. Жабдықдар АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Ресей және басқа елдерден әкелінді.

– Бұрын бұл ғимарат перзентхана болған. 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап біз балаларды оңалту орталығында қабылдаудамыз. Орталық екі бөлімнен тұрады: үш жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын балаларды оңалту орталығы және үш айдан үш жасқа дейінгі балалар қабылдайтын ерте араласу орталығы. Әр орталық ай сайын 50 баладан қабылдайды. Жалпы алғанда, біз жүз баланы қабылдаймыз, бірақ үнемі көп болады, өйткені кезек өте үлкен және барлық ата-аналар балаларды бізге жазғысы келеді. Осы жүз баланың 30 баласын біз тәулік бойы стационарға қабылдаймыз, – дейді балаларды оңалту орталығы мен ерте араласу орталығының басшысы Жанар Қабденова.

Ашылған сәттен бастап орталықта үш мыңға жуық бала оңалтудан өтті, оның ішінде 1000-ға жуық бала тәулік бойы стационарда көмек алды.

Орталықта оңалту көмегін тек Семейден ғана емес, жақын маңдағы аудандардан да балаларда алады.

– Орталық ашылғанға дейін көптеген балалар Астанада оңалту емін алды. Ол үшін үлкен кезектерден өту керек. Олар айына ең көп дегенде 10 баланы қабылдады. Біздің қалада мүгедектігі бар немесе әртүрлі даму ақаулары бар балалар өте көп. Енді оларға басқа қалаға барудың қажеті жоқ, ата-аналарға арнайы демалыс алудың немесе жұмыстан сұранудыңда қажеті жоқ. Олар күніне 1,5-2 сағатын бөліп, орталыққа келіп, толық емдік процедураларды ала алады, содан кейін бала үйге, балабақшаға немесе мектепке бара алады. Біздің облыстың аудандары үшін де солай. Оларға алыс жерге барудың қажеті жоқ. Балалардың ата-аналары өте риза, қуанышты. Бала жылына үш-төрт оңалту курсынан өте алады. Нәтижелері бар. Ата-аналар мен балалар өте риза, – деп қорытындылады Жанар Қабденова.

Мысалы, өткен жылы 61 бала алғашқы қадамдарын жасады, бұл 70%. Сәбилердің тағы 60% басын ұстап, еңбектей бастады. 105 бала оңалту курсынан кейін алғашқы сөздерін айтты. Бұл бала үшін де, дәрігерлер үшін де үлкен жеңіс.

Орталықта қажеттінің барлығы бар – жетекші өндірушілердің костюмдері, тренажерлары мен құрылғылары церебральды сал ауруы мен тірек-қимыл аппаратының аурулары кезінде омыртқа мен буындардың жүру және қозғалғыштығын қалпына келтіру үшін, сонымен қатар жаттығу терапиясы, физиотерапия, жарықпен емдеу, су массажы, логопед және дефектологпен сабақтар қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, балаларға кешенді оңалту көмегі әсіресе дамудың алғашқы кезеңдерінде – 3 айдан 3 жасқа дейін қажет, өйткені 3 жасқа дейін баланың миы пластикалы және оңалту еміне өте жақсы бейімделеді. Оны неғұрлым ерте бастасаңыз, мүгедектіктің ауырлығы соғұрлым аз болады және баланың аурудан сауығып кету мүмкіндігі жоғары болады. Орталықта балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де айналысады. Бұл жерде ересектерге күнделікті қарапайым іс-әрекеттер үйретіледі: баланы қалай дұрыс көтеру керек, тамақтандыру, киіндіру, отырғызу, себебі оңалтуда ұсақ-түйектер болмайды. Бұл ретте барлық көмек – оңалту, педагогикалық, әлеуметтік, психологиялық, балаларға тегін көрсетіледі.

2019 жылы Семей жедел медициналық жәрдем ауруханасында гибридті операциялық бөлме ретінде бірінші қабат қайта құрылды. Бүгінгі таңда гибридті операциялық бөлме – бұл функционалдылықтың кең спектріне ие заманауи, жоғары мамандандырылған және жоғары модернизацияланған операциялық бөлме. Бұл жерде барлық қажетті жабдықтар, соның ішінде ангиограф орнатылған, ол пациенттерге коронарография, стенттеу, жүрекке, миға және оның тамырларына ота жасауға мүмкіндік береді. Гибридті операция бөлмесі бір пациентке жедел медициналық көмек көрсету үшін бірден бірнеше дәрігер бригадасына жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Біздің аурухана базасында политравма және ортохирургия орталығы орналасқан. Жол-көлік оқиғасына ұшыраған науқасты бізге әкелген жағдайлар болды және онымен бір уақытта сынықтармен жұмыс істеген нейрохирургтар, іш қуысы хирургтары және травматологтар бригадалары жұмыс істеуге мәжбүр болды. Яғни, ота жасау бір анестезиямен жүргізілді, бұл уақытты едәуір қысқартады және көрсетілген медициналық көмектің сапасын жақсартады. Ең бастысы – уақыт. Қысқа мерзім ішінде өмірді құтқару үшін шұғыл көмек көрсетіледі, – дейді жедел медициналық жәрдем ауруханасы директорының орынбасары Ғалия Әлібаева.

Медициналық мекеме басшылығының айтуынша, мұнда жылына үш мыңға жуық ота жасалады.

– Біз іс жүзінде барлық интервенциялық, кардиологиялық оталарды, соның ішінде миға, ми ішілік қан кетулерге, геморогиялық және ишемиялық инсульттерге ота жасаймыз. Біз сондай-ақ тамырлардан қан ұйығыштарын алып тастаймыз, нәтижесінде адамның сөйлеуі қалпына келеді, ол қайтадан қозғала алады. Мұның бәрі қысқа мерзімде, – дейді Ғалия Әлібаева.

Жақында жүктіліктің 22-ші аптасындағы әйелге күрделі ота жасалды. Дәрігерлер науқас пен оның жатырдағы баласының өмірлерін сақтап қалды. 37 жастағы науқас шағымдармен жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды. Тексеруден кейін мамандар жедел ішек өтімсіздігі диагнозын қойды. Медициналық анамнезі пациенттің балалық шағында соқыр ішекті алып тастау отасы жасалғанын көрсетті. Шұғыл түрде науқасқа ота жасалды. Дәрігерлер адгезияны лапароскопиялық алып тастады.

– Бұл хирургиялық араласу, әсіресе жүктіліктің осындай кезеңінде күрделі, – деп түсіндірді ота жасаушы хирург, бөлімше меңгерушісі Айбол Маралбаев.

Кейінірек, емдеу процесінде әйелде өкпе артериясында тромбоэмболиясы пайда болды, бұл тамырдың қан ұйығышымен бітелуін білдіреді.

– Біз қан ұйығышының орналасуы мен көлемін дәл анықтау үшін бірден ангиопульмонография жасадық. Оң өкпе артериясында тромбоз анықталғаннан кейін дәрігерлер оны жою үшін аспирациялық тромбэктомия жасады, – деп қосты Айбол Маралбаев.

Ота жасалғаннан кейінгі науқастың жағдайы тұрақты, ол өзін жақсы сезінеді. Дәрігерлер қазіргі уақытта ана мен баланың өміріне қауіп жоқ екенін айтады. Отадан кейін науқас жан сақтау бөлімшесінде мамандардың үнемі бақылауында болды.

Гибридті операция бөлмесінің пайда болуымен дәрігерлер халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін әлдеқайда көп мүмкіндіктерге ие болды. Қан айналымы жүйесі аурулары мен түрлі жарақаттардан болатын өлім-жітім айтарлықтай төмендеді. Егер бұрын науқастар жоғары технологиялық ота жасату үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр болса, бүгінде бұл қажет емес, өйткені олар кез-келген көмекті қала сыртына шықпай-ақ ала алады.

Өңірдегі денсаулық сақтауды дамыту саласындағы осы өмірлік маңызды жобаларды KAZ Minerals компаниясы қолдады. Компания осы медициналық мекемелеге қажетті заманауи жабдықтарды сатып алуға және реконструкциялауға қаражат бөлді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button