Абай облысыҚоғамТОП

Семейде ауған ардагерлерінің құрметіне арналған жасөспірімдер сайысы өтті

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл. 1989 жылдың 15 ақпан күні КСРО-ның соңғы әскери бөлімі Ауған жерінен шығарылды. Осы тарихи күнге орай Семей қаласында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Сондай іс-шаралардың бірі шаһардағы №32 орта мектебінде өтті. «Ауған соғысы – жүректегі жара» атты эстафеталық жарысқа жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Сайыстың ашылу салтанатына Ауған соғысының ардагері Серікбосын Бейсенбаев, 28738 әскери бөлімінің тәрбиешісі Қарлығаш Мақсұтова, Әскери тәрбие орталығының басшысы Бекен Үкібасов қатысп, оқушыларға өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Ауған соғысының ардагері Серікбосын Бейсенбаев тарихи күннің маңыздылығына тоқталып, жауынгерлердің ерлігі мен жүріп өткен жолына, қайсар рухына тағзым ету әрбір жанның парызы екенін атап өтті.

Жарысқа барлығы алты команда қатысты. Жоғарғы сынып оқушылары алдымен уақытқа АК-74 автоматын құрастырып қайта жинастырса, араларындағы білектілері белтемірге тартылудан күш сынасты. Сайыс барысында оқушылар қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалану, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша да сынға түсті. Соңынан командалар арасында арқан тартысып, өзара мықтыларды анықтады. Сайыс соңында жеңімпаздар грамоталармен марапатталды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button