Абай облысыҚоғамТОП

Абай гарнизонында саперлер әскери-техникалық мектеп курсанттарына арналған тәжірибелік сабақ өткізді

Абай гарнизонының инженерлік-саперлерік полк жеке құрамы арнайы далалық жаттығу алаңында жауынгерлік дайындықтың қортынды сабақтарын өткізді. 54770 әскери бөлімінің бөлімшелерімен өткен тактикалық сабақтарға әскери-техникалық мектеп курстанттары да қатысты.

Айта кетейік, әскери-техникалық мектеп сапер мамандығы бойынша курсанттарды алғаш рет дайындап отыр. Сондықтан әскери мектеп басшылығы аталған шараға аса ыждағаттылықпен қатысып, тыңдаушыларының білімін шыңдады.

Жауынгерлік жоспарға сәйкес ұйымдастырылған жаттығуда мерзімді әскери қызметін өтеуші жас инженер-саперлер де болды. Жалпы шараның мақсаты мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдап, білімдерін арттыру.

Сабақтар негізгі үш бағытта өтіп, әр салада мамандар өз шеберліктерін пысықтады. Нақтылай кететін болсақ, алғашқы оқу жаттығу орнында инженерлік бөгет ротасы ПМЗ-4-П арнайы сүйреткішімен жазық даланы миналап шықты. Танкіге қарсы ТМ-62 минасы жоғарыда аталған тіркемелі механикаландырылған құрылғымен жүзеге асырылды. Құрамында бес адам бар экипаж мүшелері тапсырманы сәтті орындай алды. Келесіде инженерлік саперлер ротасының сарбаздары білікті саперлердің нұсқауымен көлік жолын минасыздандырды. Жауынгерлер алдымен жолды сүзіп өтіп, ТМ-62 жарылғыш заттың бар жоғын анықтады. Кейін табылған минаны залалсыздандыру үшін алыстан жарып жіберді. Ондағы мақсат минаның астында болуы мүмкін тағы бір жарылғыш заттың көзін жою. Саперлер бұндай жағдайлардың да болуы мүмкін екенін айтады. Оны олар өз араларында «сюрприз» деп атайды екен. Сондықтан осындай тосын сыйлардың болмауы үшін сақтық шаралары жасалып, жарылғыш затты алыстан жарып жібереді.

Бұдан кейін инженерлік жол ротасы Краз-255 көлігінің базасындағы ТММ-3 құрылғысын орнатты. Бұл жиналмалы көпір өтуі қиын жерлерден ауыр техниканың қатынауына арналған. Инженерлік жол ротасы қойылған тапсырманы талапқа сай орындай алды.

Сабақтар барысында әскери-техникалық мектеп курсанттарына сабақ жүргізіліп, инженер-сапер мамандығының қыр сыры түсіндірілді. Сабақтар барысында жарылғыш заттардың түрлері, оларды жою жолдары мен оған қажетті құралдар нақты түрде көрсетілді. Одан бөлек курсанттар бөлімшелердің жүзеге асырған тапсырмаларын өз көздерімен көріп, жақсы әсер алды.

Қорыта айтатын болсақ, осындай шаралар жас сарбаздардың жауынгерлік даярлығын пысықтап, еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға өз септігін тигізері анық.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button