Абай облысының оқушылары компьютерде ойнайтын ұлттық ойын түрлері концепциясын жасап шығарды
Семей қаласындағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің оқушылары компютерде ойнауға болатын ұлттық ойын түрлері концепциясын жасады. Олар бұл жобаны QGAMES деп атаған. QGAMES платформасы отандық геймдевке жанашыр адамдарды біріктіруге бағытталған, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
«Қазір отандық геймдев дамымағандықтан, балалар өзге ел ойындарын көп ойнайды. Ұлттық құндылықтарымыз және identity жоғалып бара жатыр. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлеріне көңіл жеткілікті деңгейде бөлінбейді»,-дейді жас таланттар.
Бұл платформа дизайнерлер, IT мамандары, суретшілер, дыбыс режиссерлері, продюссер, демеушілер және ойыншылардың арасында көпір қызметін атқарады. Q – Qazaq, Q – Qundylyq деген қазақи брэндте жасалған ойын концепциясы балалардың компьютерде тиімді уақыт өткізіп, ұлттық ойын түрлері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді деп санайды оқушылар.
Ойын барлық санаттағы адамдарға арналған, оқушылар да ұлттық ойындарды ойнау арқылы тарих және құндылықтарға бойлай алады.
Геймдев – бұл шығармашылық процесс, онда көркемдік және техникалық мамандар бірлесіп жұмыс істейді. Ойынды жасау әртүрлі өнер формаларын: бейнелеу өнерін, музыканы, әңгімелеу өнерін және интерактивті дизайнды біріктіреді.
Команда жобаларын қазақ күресінен Қазақстан чемпионы Айбек Нұғымаровқа таныстырған. Қазір облыстағы Abay IT Valley класстерімен меморандумға қол қойылды.
Жас өнертапқыштар Қазақстан бойынша gamedev community құруға атсалысып кетті. Болашақта “Қазақ күресі”, “Көкпар”, “Асық Ату”, “Бәйге”, “Садақ Ату”, “Тоғызқұмалақ” ойындарын енгізбекші.
Ойынды құрып шығару өте күрделі процесс болғандықтан, Abay IT Valley-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазір ойынның концепциясы толық жасалды.
Ойын авторлары: 7-сынып оқушылары Мамадилов Дархан, Табараков Айдмұхамед, Рахан Олжас, Медахмет Асылмурат, 8-сынып оқушылары Таңжарықұлы Тасқын, Ардахов Жанарыс, 9-сынып оқушылары Адилхан Алишер, Бакубаев Али.
Жетекшісі математика пәні және робототехника мұғалімі Асқарбек Сәкен.
Айта кетейік, бұған дейін оқушылар робот-гитара жасаған. Ол шынайы гитараның қызметін атқара алады. Музыкалық ноталарды автоматты түрде ойнай алатын, моторлар мен сенсорлар арқылы басқарылатын механизмдерден тұрады. Пайдаланушылар әртүрлі әуендер мен мелодияларды орындай алады.
Semeynews.kz