Білім

Тиімді оқыту және тәлімгерлік құпиялар

Жаңа Қазақстан жағдайында менторлық қызметтің танымалдылығы артып келеді. Менторлық қызмет – кәсіби іс-әрекетте жетістікке жетуге ықпал ететін мамандандырылған сүйемелдеу үрдісі; маманның жеке жаттықтырушысымен бірлескен әрекеті. Менторлық қызмет Америка құрама штаттары, Ұлыбритания және Батыс Еуропа мемлекеттерінде тәжірибе барысында сыналып, кеңінен тараған тиімді үрдіс. Оның ұтымдылығы – уақыт және шығындарды үнемдеуге бағытталғандығында. Адамдардың жаңа сатыға көтерілу үрдісінде мамандандырылған қолдау немесе сүйемелдеу қызметі болып табылатын менторлық үрдістің аясы күннен-күнге кеңейіп келеді. Қызметкерлерді өсіру, дамыту және сақтай білу – кез-келген ұйым құндылығы. Осы ретте менторлық қызмет соңғы уақытта білім беру саласында, сот жүйесінде, денсаулық сақтау мекемелері сынды мемлекеттік құрылымдарда да қолданыла бастады. Мәселен, педагогикада менторлық оқытудың белсенді әдісі түрінде, жаңартылған білім беру бағдарламасына енгізілген. Мұндағы ұтымдылық «өз бетінше оқу» тұжырымдамасын жандандыру болып табылады; және ол студенттердің бірінен бірі үйренуі нәтижесінде, топтың белсенділігін арттыруға бағытталады.
Менторлық қызмет жастардың кәсіптік даярлығын арттырудың тиімді түрі ретінде, өткен ғасырдың ортасынан бері қарай қарастырылып келеді. Оның себебі шәкірттерді дайындау институтының пайда болуымен байланыстырылады. Менторлар кәсіби дайындығы жоғары, кісілігі мол, тәжірибелі де беделді қызметкерлер арасынан іріктелетін болған. Бүгінде Шәкәрім университетінде менторлық үрдіс қарқынды дами бастады және бұл ментор мен ментидің арасындағы бейресми қарым-қатынастың жаңа түрі болып табылады. Осы үрдістің нәтижесінде саяхат, конференция, форумдар, тимбилдинг немесе трансформациялық ойындар жиі өткізіліп, жаңа технологиялар мен заманауи инновацияларды бірлесе үйрену арқылы жас оқытушылар арасында алға жылжу, даму, ілгерілеу байқалады. Сонымен қатар жас оқытушылардың бойында өз мамандығына, оқытушылық қызметке деген жақсы көзқарас, қызығушылық, жаңа тың идеялар ұсыну сияқты қасиеттер артқан.

Жалпы еңбек ұжымындағы жас маманның кәсіби құзыреттілігін шыңдау үшін жүзеге асырылатын жол – тәлімгерлік жол. Менторлықтың осындай заманауи аспектілерін қолдайтын Э.Эдмондсон, М.Аткинсон, У.Тимоти сынды зерттеушілердің бір тобы тиімді ұйымдастырылған менторлық жүйе ұйымның әлеуметтік тұрақтылығына, бәсекеге қабілеттілігіне және мамандардың жан-жақты дамуына септігін тигізеді деп көрсетеді.

Ғасырға жуық тарихы бар, киелі Абай облысының белді ЖОО-ның бірі Шәкәрім университетінің Гуманитарлық – экономикалық факультетінде бұл үрдіс жақсы жолға қойылған. Жаңа оқу жылының басында жас мамандардың педагогикалық-психологиялық құзіреттіліктерін шыңдау үшін менторлар бекітіледі. Олардың қатарында ғылым докторлар мен кандидаттар бар. Атап айтқанда, Каримов М.Қ., Исин А.А., Атантаева Б.Ж., Мукатаева З.К, Абишева Ш.Ш., Едигенова А.Ж., Куребаева Г.А., Мырзаканов М.С., Татиев Т.А., Тыныбаева Ж.Т., Абылкасимова Ж.А., Қуантқан Б., Габдуллина Л.Б., Зейнуллина А.Ж., Едигенова А.Ж. сынды факультеттің тәжірибелі оқытушыларының жас мамандарды баулу жолындағы еңбегі зор.

Олар жас мамандардың жауапкершілігінің шегін айқындау және өзінің көзін жеткізу, құндылықтар аумағын бағдарлау, оны өзі бағалауына мүмкіндік тудыру, дербес шешім қабылдау, ойындағыны іс-әрекетке айналдыруға ықпал ету, дүниетанымының ауқымын кеңейту, арман-мұраттарын анықтау сынды қызметтер арқылы жүзеге асырып отырады. Ментордың ментимен бірлескен танымдық іс-әрекетінде оның қолдаушылық, сүйемелдеушілік, ықпал етушілік, ынталандырушылық қызметтерінің сапасы артады.

Гуманитарлық-экономика факультетінде тек оқытушылар арасында ғана емес, менторлық қызмет студенттер арасында да тиімді жүзеге асырылады. Қатарынан екінші жыл 1 курс студенттеріне жоғары курс студенттерінен тәлімгерлер тағайындалуда. Студенттер арасындағы менторлық қызмет – топ кураторы және эдвайзер қызметіне қосалқы педагогикалық әрекет болып табылады. Жас ерекшелік тұрғысынан тығыз байланысқа түсу арқылы студенттік өмірге тез үйренісуге септігін тигізетінін тәжірибе жүзі көрсетті.

Қорыта айтсақ, бүгінде елімізге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған қара шаңырақ Шәкәрім университетінде менторлықтың даму барысында дүниеге әлі талай тың идеялардың келетіні және олардың іске асырылу үрдісінде айтарлықтай нәтижелер алынатыны сөзсіз.

Джумажанова Г.К.,

Психология ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор

Абылкасимова Г.А.,

ГЭФ деканының орынбасары

Осы айдарда

Back to top button