Абай облысыҚоғамТОП

Абай облысының нотариустары 2023 жылы 291 мың қызмет көрсетті

Абай облысы аудандары нотариаттық қызметпен қамтылған, жалпы өңір бойынша 120 нотариус қызмет жасайды. Айта кетелік, 2022 жылы нотариустардың қызметі туралы заңға түзетулер енгізілгеннен кейін азаматтардың өтініштерінің саны біршама төмендеген. Бұл туралы аймағымыздың басты баспасөз алаңында Абай облысы Әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Жиынның бас спикері өткен жылы атқарған жұмысы жайлы баяндап және де әділет органы қызметінің негізгі бағыттары бойынша заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп, тоқталды.

  • Заңға енгізілген түзетулер нотариаттық іске қатысушылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге және азаматтардың өтініштерін азайтуға бағытталған. Өткен жылы нотариустар жалпы 291 420 нотариаттық іс орындап, шамамен 1,3 млн теңгеге қызмет көрсеткен. Одан мемлекеттік бюджетке 433,3 млн теңгеден астам сома салық және 537,1 млн сомасын құрайтын мемлекеттік баж төленген болатын, – деп хабарлады спикер.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының мүдделерін қозғайтын маңызды әлеуметтік мәселе – алимент өндіріп алу. Өңіріміздің бас заңгерінің айтуынша, бұл тарапта облыста 51 жеке сот орындаушысы мен қатар 11 мемлекеттік сот орындаушысы еңбек етуде.

  • Бүгінгі таңда жеке сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіріп алу туралы 10 059 атқарушылық құжат бар, оның ішінде проблемалық алимент 530 млн теңге берешек сомасына 569 құжат, – деп атап өтті Ернар Сейдімбек.

2017 жылы ҚР Әділет және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің бірлескен бұйрығымен үш айдан астам алимент үшін берешегі бар адамдарды жұмысқа орналастыру тәртібі қарастырылып, бекітілді.

  • Борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп қолға алынды, ай сайын бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Атап айтсам, былтыр осындай 20-ға жуық іс-шара өткізілді. Нәтижелі жұмыс болды деп толықтай айта аламын. Көптеген алимент төлеушілерге ұсыныс жасалып, 95 борышкер жұмысқа орналастырылды, – деп толықтырды Ернар Сейдімбек.

Сонымен қатар, ҚР ӘМ порталында борышкерлердің бірқатары қызмет етеді. Кез-келген азамат немесе қалаған заңды тұлға берешектері жайлы толыққанды ақпарат ала алады. Е.Сейдімбек қарызды автоматты режимде “Электрондық үкімет”, “Каспи банк” АҚ, “Қазпошта”АҚ мобильді қосымшалары мен терминалдары арқылы өтеуде болатындығын ескертті.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button