«Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Маржан Бахатова Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қала тұрғындарының мәдени әлеуетін арттыру және ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы баяндады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
- Семей шаһарында мәдениет саласы бойынша ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, үйірмелер қарқынды жұмыс атқаруда. Жалпы алғанда, қала бойынша 1 035 баланы қамтитын 68 үйірме бар. Оның ішінде жастарға арналған – 3, балаларға арналған – 32, ересектерге арналған – 33, «Халықтық» атағы бар – 25 үйірме тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық ортаға бейімделуіне септігін тигізетін 8 үйірме қарастырылған,- деді Маржан Бахатова.
Қала тұрғындарының мәдени әлеуетін дамыту барысында мектеп жасындағы оқушылар, жасөспірімдер, студенттерге арналған дәстүрлі түрде «полиглот» үш тілді олимпиадалар, «тіл-халық, жан танудың кілті» зияткерлік конкурстар, сонымен қатар, атаулы мерекелерге арналған іс-шаралар да ұйымдастырылып отырады.
Тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ономастика саласы бойынша соңғы жылдары қала көлемінде елеулі іс-шаралар жүзеге асырылуда.
- Облыс орталығында барлығы 1200-ге жуық көше бар. Бүгінге дейін идеологиялық тұрғыдан ескірген көше және елді-мекен атаулары қайтадан жаңғыру үстінде. Аталмыш бағыт бойынша ғана шектелмей, мемлекеттік мекемелердің атауын өзгерту туралы ұсыныстар облыстық ономастика комисиясының қарауына жолданған, – деп атап өтті спикер.
Semeynews.kz