ҚазақстанҚоғамТОП

АЛЖИР тұтқындарының миграциялық картасы әзірленді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚХА кафедрасының доценті Халил Маслов «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешеніне бұрынғы тұтқын әйелдердің миграциялық картасын сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, қуғын-сүргін, ашаршылық тақырыбы бойынша көптеген зерттеулер жүргізіліп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Оның кеңселері әр өңірлерде, әр мемлекеттік органдарда және біздің университет қабырғасында да ашылды. Ең бастысы –өскелең ұрпаққа Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болмағанын, халықтың қандай қиын жолдардан өткенін жеткізу керек. Әсіресе ХХІ ғасырда ақпарат заманында интернет-ресурстар жастарға үлкен ықпал ете бастады. Осыған да көңіл бөлу керек», – деді Халил Маслов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның жас тарихшылармен кездесуінде.

Жас зерттеуші Ақпарат министрлігінен архивтік құжаттарды зерттеуге көңіл бөлетін арнайы жобалар жасауға көмек сұрады.

«Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның 10 тобы құрылған еді. Оның 8-тобы «Қазақстан аумағындағы НКВД ГУЛАГ лагерлерінде болған құрбандар мен зардап шеккендерді, олардың отбасы мүшелерін ақтау жөніндегі жұмыс тобы» деп аталды. Н.П.Калашникованың жетекшілігімен архив материалдарын зерттеу нәтижесінде Қарағанды университетінің ғалымдары, музей қызметкерлерінің көмегімен Қазақстандағы лагерлердің орналасқан аймағы мен сандық мәліметтері туралы тың деректер жинақталған картаны құрастырды. Сол картаны бүгін АЛЖИР мұражайына табыстауға рұқсат етіңіздер. Мұражай қонақтары мен бұл тақырып аясында ізденіс зерттеу жүргізіп жатқан жас мамандарымызға, магистранттар мен докторанттарға көрнекі құрал ретінде қолдануға үлкен көмек болады деген үміттеміз», – деді Халил Маслов.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button