Зиянды еңбек жағдайындағы қызметкерлерге қандай төлем қарастырылған?
Мемлекет басшысының нұсқауына сәйкес, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер арнайы төлем алады. Төлем 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
Арнайы әлеуметтік төлемдер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Бұл туралы толығырақ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті» РММ-нің басшысы Анар Ерембаева баяндады.
- Аталған төлем түрі зиянды еңбек жағдайында қызмет атқаратын металлург, кенші, энергетик және басқа да кәсіп иелеріне қарастырылған. Бүгінде статистика деректеріне сәйкес зиянды еңбек жағдайында 491 мың адам жұмыс істейді. Бұл бағытта одан әрі қызметтерін жалғастыру олардың денсаулықтарына әсер етуі мүмкін, – деп атап өтті Анар Ерембаева.
БЖЗҚ деректеріне сәйкес, зиянды еңбек жағдайында қызмет атқаратын азаматтар саны жыл санап өсуде. Мысалы, 2024 жылы зиянды кәсіпте 37 мыңнан астам адам қызмет атқарса, алдағы екі жылда, яғни 2025 жылы адам саны 42 287, ал 2026 жылы 47 мың адамнан асуы мүмкін.
Спикердің айтуынша, төлемдердің 4 түрі анықталған. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен, сақтандыру компанияларының төлемдерінен, жұмыс берушілерден, сондай-ақ қызметкердің міндетті зейнетақы жарналарын пайдалану құқығын қолдану арқылы іске аспақ.
- Осылайша, қызметкер арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға қол жеткізу үшін, жұмыс берушінің атына арыз жазуы тиіс. Артынша арыз қарастырылып, бекітілген жағдайда жұмысшы орташа есеппен 208 мың теңге төлем алады. Егер осындай салада жұмыс істейтін қызметкерлердің табысын ескере отырып, жеке қарайтын болсақ, олардың алатаны қаржы мөлшері әлдеқайда жоғары көрсетпек. Яғни 300 және 400 мың теңге аралығы, – деп толықтырды спикер.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарының бірі зиянды еңбек жағдайында жұмысын тоқтату немесе зиянды факторлардың әсерін болдырмайтын басқа қызметке ауысу болып табылады.
Semeynews.kz