Семейлік оқушылар тұрмыстық қалдықтарды қолданып, сейсмограф құралын ойлап тапты
Абай облысы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның 9-сынып оқушылары Айжан Жумабекова мен Шұғыла Уалхан тұрмыстық қалдықтардан сейсмограф құралын ойлап тапқан, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Құралды сейсмикалық қауіпті аймақтарда, жаңадан басталған құрылыс нысандарында қолдануға болады. Жас өнертапқыштар биік ғимараттардың сейсмикалық жағдайына алаңдаушылық танытып, механикалық үлгіде құрал жасап шығарған. Қағаз таспа, үйкелісті тудыратын лайнер, барабан, қозғалтқышқа арналған қуат көзінен тұратын құралға Эйнштейін датчиктерін, сондай-ақ Ардуино бағдарламасын қосқан.
Оқушылар құралды мектепте еденге, қабырғаға орнатып, әсерін байқау үшін пайдаланып көрген. Еден тербелісіне тәжірибе жасағанда секірген кездегі қозғалысты байқаған.
“Физика сабағында алған білімімізді қолдана отырып, ғимараттармен қатар техниканың еденге және қабырғаға тигізетін сейсмикалық әсерін қарастыру үшін сейсмографтың нәтижесін салыстырдық. Нақты нәтиже алу мақсатында деректер тіркеуіші еinstein™ Tablet +2 планшеттін Milab бағдарламасындағы Heart Rate датчигін қолданып отырмыз”,- дейді авторлар.
Сейсмографты сейсмикалық қауіпті аймақтарда, мысалы таулы жерлерде, ауылдық округтерде, жаңа құрылыстарда, білім алу барысында физика-география бағытындағы оқу мекемелерінде қолдануға болады.
Жас өнертапқыштардың айтуынша, сейсмограф моделінің құрылысы мен жұмыс істеу принципін басқа аналогтармен салыстырып көрген, бұл құрылғы құны қол жетімді, салмағы жеңіл және тасымалдауға ыңғайлы екенін көрсетті. Болашақта оқушылар ғимараттардың қауіпсіздігін алдын ала зерттеп, қашықтан басқарылатын сейсмограф құралын ойлап шығаруды жоспарлап отыр.
Жетекшісі физика пәні мұғалімі Алуа Бимбетова.
Semeynews.kz