Абай облысыҚоғамТОП

Абай гарнизонында Тәрбие құрылымдарының офицері күніне арналған іс-шаралар өтті

Семей қаласында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының базасында оқу-әдістемелік жиындар, ғылыми-практикалық конференция және Тәрбие құрылымдарының офицері күніне арналған салтанатты жиналыс өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Іс-шараларға Қарулы күштер түрлері бас қолбасшыларының орынбасарлары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің, әскери оқу орындарының, сондай-ақ тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі тұрақты жауынгерлік әзірліктегі әскери бөлімдердің бастықтары, Абай өңірлік гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелерінің тәрбиеші офицерлері қатысты.

Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев қатысушыларды Тәрбие құрылымдарының офицері күнімен құттықтады. Ол тәуелсіздік жылдарында Қарулы күштерде тәрбие құрылымдары институты қалыптасқанын атап өтті.

– Шын мәнінде, әскерде бөлімдегі жағдайды білетін, әскери қызметшінің жауынгерлік рухын сөзбен де, іспен де көтере алатын тәрбиеші-офицерлер тартылмайтын бірде-бір бағыт жоқ. Әскерлерді моральдық-психологиялық қамтамасыз ету, әскери ұжымдарда достық ахуалды қалыптастыру, бірлікті сезіну мен міндеттердің ортақтығын түсіне білу тәрбие құрылымдарының мамандарына тікелей байланысты, – деп атап өтті департамент бастығы.

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ғасырлық мерейтойына арналған конференцияға ҰҚК Шекара қызметі бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары полковник Төлеужан Жүнісов, Ұлттық ұлан «Шығыс» ӨңҚ қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев және басқа да күштік құрылымдар құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

«ҚР Қарулы күштеріндегі тәрбие және идеологиялық жұмысты жетілдіру» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция барысында тұңғыш қорғаныс министрінің бай мұрасына, оның ішінде 1993 жылы 19 қаңтарда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирлердің орынбасарлары институтының құрылуына арналған мазмұнды баяндамалар оқылды. Сөз алғандардың бәрі тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуындағы, сондай-ақ жас ұрпақты Отанға жанқиярлықпен қызмет ету рухында тәрбиелеудегі әскери қолбасшы тұлғасының маңыздылығын атап өтті

Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев оқу-әдістемелік жиында тәрбиеші офицерлердің алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Ол ұйымдастырылған іс-шаралар кәсіби шеберлікті арттыруға, әскери тәрбиешілердің педагогикалық және әдістемелік дайындығын жетілдіруге, жеке құрам арасындағы әскери тәртіпті нығайту ісінде жүйелі жұмысты жолға қоюға бағытталғанын атап өтті.

Жиынға қатысушылар көрнекіліктер мен техникалық тәрбие құралдарын сатып алуды ұйымдастыру тәртібімен танысты. Сабақтарда бөлімшелер мен взводтарды үйлестіру барысында мемлекеттік-құқықтық дайындықты, моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері талданды. Отбасылық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және буллингтің алдын алуға баса назар аударылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатымен әскери бөлім командирлерінің әскери полиция органдарымен өзара тығыз іс-қимыл жасау қажеттігі жеткізілді. Азаматтарға мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін «Срочники 2.0» бағдарламасын іске асыру мәселелері егжей-тегжейлі айтылды.

Әлихан Бөкейханов атындағы университеттің педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Гүлжан Батина өз дәрісін әскери қызметшінің жеке басын жетілдіру мәселелеріне арнады. Психолог маман, педагогика ғылымдарының магистрі Гүлмира Жолдыбаева әскери ұжымдардағы жеке және топтық психологиялық жұмыстың ерекшеліктеріне кеңірек тоқталды.

Жиын қорытындысы бойынша қызметте үздік көрінген офицерлерді «Ел қорғаны» медалімен және Құрмет грамоталарымен марапаттау рәсімі өтті. Бес әскери қызметшіге мерзімінен бұрын әскери атақ берілді. Іс-шара Абай атындағы театрда өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button