Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі 2023 жылы 43 844 адамға мемлекеттік қызмет көрсеткен, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Қала тұрғындарын әлеуметтік қорғау 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру арқылы жүргізіледі. Тұрғындарды жұмыспен қамтуға белсенді жәрдемдесу қарқынды жүзеге асырылып жатқандығын Абай облысының өңірлік коммуникациялар алаңында Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Жұмаділов жеткізді.
- 2023 жылы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 9 355 адам еңбек делдалдығына қатысты жүгінді, оның ішінде 4 185 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Атап айтқанда тұрақты жұмыс орындарына – 1 741 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 192 адам, жастар практикасына – 430 оқу орнының түлектері, қоғамдық жұмыстарға – 1 336 жұмыссыз қатысты, – деді бөлім басшысы.
Экономика салаларында 12 347 тұрақты (9 759) және уақытша (2 588) жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген еңбек нарығындағы жұмыссыздар саны 2 849 адамды құраған.
- Жергілікті орган өкілдерінің шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына мереке және атаулы күндерге әлеуметтік көмек көрсетуге есепті кезеңде 623,4 млн теңге төленді, 16 901 алушыға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Біржолғы ақшалай өтемақы төлеуге құжаттарды қабылдау жалғасуда, – деп толықтырды Серік Жұмаділов.
Үйде тәрбиеленетін және оқитын ерекше қажеттіліктері бар 227 балаға 88,0 млн теңге қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Арнайы шипажайларда мүмкіндігі шектеулі 1 188 адам денсаулығын жақсартты.
- Бөлім жұмысының басым бағыты мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жалғыз тұратын қарт азаматтарға, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан, пробация қызметінен, сондай – ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады, – деп қорытындылады Серік Жұмаділов.
Semeynews.kz