Абай облысының Бесқарағай ауданында мәдениет үйі ашылды

Бесқарағай ауданы Қоянбай ауылында жаңа мәдениет ошағы ашылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Қоянбай ауылы Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан шалғай ауылдардың бірі. Қазіргі таңда тұрғындардың саны 409 адамды құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сыңдарлы саясатын жүзеге асыру мақсатында ашылған мәдениет ошағының жалпы сыйымдылығы 100 адамға арналған.
Ашылу салтанатына аудан әкімінің м.а. Алмас Тәнібекұлы Тастенбеков қатысты. Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары ақ бата беріп, ардақты аналарымыз шашу шашты. Ашылған мәдениет ошағында алғашқылардың бірі болып аудандық Мәдениет үйінің әртістері өнер көрсетті.
Сонымен қатар, аудан әкімі Талғат Батырұлы Мұратовтың атынан мәдениет үйіне музыкалық аппаратура сыйға тартылды.
Естеріңізде болса, 2023 жылы Қоянбай ауылында “Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері” бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үй салынып, кезекте тұрған ауыл тұрғындарына берілген болатын.
Semeynews.kz