ҚоғамСемейТОП

Семей қаласының сол жағалауында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлімшесі ашылды

Қаланың сол жағалауында қазыналы қарияларға қызмет көрсететін «Белсенді өмір сүру орталығының» тағы бір бөлімшесі ашылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Белсенді өмір сүру орталығында қызмет алушылар емдік дене шынықтыру сабақтарын, медициналық қызметтер, еңбек терапиясы, тілдік курстардан өтіп, би, домбыра үйірмесіне, психологиялық тренингтерге қатыса алады. Сонымен қатар, скандинавиялық серуендеуге шығып, үстел ойындарын да ойнай алады. Бұл бөлімше аптасына 100-ден астам зейнеткерлік жастағы адамдарға қызмет көрсете алады.

Орталықтың негізгі мақсаты – зейнеткерлік жастағы адамдарды белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіру.

Орталықтың ашылу салтанатына Семей қаласы әкімінің орынбасары Ж. Мұқатаев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы С. Жұмаділов қатысты.

«Орталық қала әкімінің бастамасымен ашылды. Осы жерде қарияларымызға қажетті күнделікті белсенді өмір сүруіне арналған барлық жағдайлар жасалып отыр. Халық саны көп аудандарда тағы да осындай орталықтарды ашамыз деген жоспарымыз бар. Алдағы уақытта арнайы зерттеу жүргізіп, қай аудандарға қажеттілік болса, сол ауданға ашуға тырысамыз. Болашақта олардың саны 7-8-ге дейін жететін болады», – деп атап өтті Серік Жұмаділов.

Айта кетейік, “Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы” қаланың оң жағалауында, 2021 жылдың қараша айынан бері жұмыс атқарып келеді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button