ҚоғамСемейТОП

Семейлік кәсіпкерлерге жалпыға бірдей декларацияның барысы түсіндірілді

Қалалық әкімдік ғимаратында өткен жиында құзырлы органдар мен Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері кәсіпкерлерге жалпыға бірдей декларациялаудың қазіргі кезеңінің ерекшеліктерін түсіндірді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі Айдос Байсалбай тек республикадан тысқары жерлердегі мүліктер мен кірістер декларациялауға жататынын атап өтті.

  • Жалпы декларацияға келетін болсақ, оның төрт кезеңде жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Биылғы жылы декларациялаудың үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Декларанттар 250-нысан бойынша кірістер мен мүліктер туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Республика аумағында орналасқан мүліктер мен кірістер декларациялауға жатпайды, тек шетелде орналасқан мүліктер ғана,- деді Айдос Байсалбай.

Бұл ретте маман қателіктерге ұрынбас үшін декларацияның үшінші кезеңін толтыруда азаматтарды мұқият болуға шақырды.

Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Еркежан Бүркітованың айтуынша, мүдделі басқармалар мен «Яндекс.Такси» агрегаторы қызметкерлер үшін пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Қарапайым тілмен айтқанда, салықты агрегатолар төлейді, ал такси жүргізушілері салықтан босатылатын болады.

  • Такси жүргізушілерінің жұмысына қатысты сұрақтар көп. Заң бойынша жолаушылар мен жүктерді тек тіркелген жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ғана тасымалдай алады. Заңда «жеке тұлға» деген ұғым жоқ. Қазіргі таңда такси жүргізушілеріне жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркеуден өту талап етілді. Сонымен қатар, оларға бақылау-кассалық аппаратын қажет етпейтін арнайы салық режимін қолдану қолайлы болмақ, – дейді Еркежан Бүркітова.

Басқосуда кәсіпкерлер сауалдарын жауапты мамандарға тікелей қойып, тұшымды жауаптарын ала алды. Қала әкімінің орынбасары Жәнібек Мұқатаев алдағы уақытта бизнес өкілдеріне арналған түсіндірме жұмыстары жалғасатынын баса айтты.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button