Абай обылысы аудандарында қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Көкпекті ауданында қыс мезгілінде аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау және қардан тазалау бойынша мемлекеттік сатып алу порталында 14 лот жарияланды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Облыстық маңызы бар Көкпекті-Васильев өткелінің 0-45 шақырымындағы учаскеде «Семей жолдары» ЖШС жұмыс жүргізуде. Бүгінде жолдың бұл бөлігінде 3 бірлік техника бар.
Республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автожолының «Боғас-Байбура-Қалбатау» учаскесінде қысқы жол жөндеу жұмыстарын «SinSin» ЖШС жүргізуде. Бұл учаскелерге қажетті мөлшерде инертті материалдар әкелінді. Қазіргі таңда жолдың бұл бөлігіне 10 бірлік техника жұмылдырылған.
Айта кетсек, Көкпекті ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 500,6 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жол – 161 шақырым, облыстық маңызы бар жол – 45 шақырым, 294,6 шақырымы автомобиль жолдары.
Бородулиха ауданында коммуналдық қызметтен бөлек, әр елді мекенде ерікті жасақ белсенді жұмыс істейді. Жалғызбасты зейнеткерлерге, еңбек ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға және т.б көмек көрсетуде. Олардың қызметі үйлер мен аулалардағы қарды шығару, ауа райының қолайсыздығына байланысты өз бетімен үйлерінен шыға алмайтын жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу.
Semeynews.kz