Соңғы уақытта Семей қаласында люк қақпақтары жиі ұрлануда. Қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасына да кәріз қақпақтарының ұрланып жатқандығы туралы шағымдар толассыз келіп жатыр, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Осы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Семей қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мен Семей қаласы Полиция басқармасы бірлесіп қаладағы металл қабылдайтын орындарды тексерді. Сондай-ақ меншік иелеріне заңсыз жолмен алынған заттарды қабылдауға тыйым салу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полицейлердің айтуынша, ұрлықшылар канализациялық құдық қақпақтарымен қатар, аккумулятор батареяларын, электрлі мыс кабельдерін де қолды етеді екен. Люк қақпақтарын ұрлау әсіресе балалар мен мектеп оқушылары үшін үлкен қауіп төндіреді
Айта кетейік, 2022 жылы 15 кәріз қақпағы ұрланса, 2023 жылдың 46 люк қақпағы қолды болған.
Егер сіз құқық бұзушылықтың және люк қақпағы ұрлығының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
Semeynews.kz