Бородулиха ауданында жабық хоккей корты салынады
Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданы Жаңа Шүлбі ауылындағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» КММ-н арнайы аралады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Аймақ әкімі мекеменің қазіргі жағдайымен танысып, көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған қызметкерлердің ұсыныстарын тыңдап, тәрбиеленушілермен тілдесті.
Бүгінде орталықтың тәрбиеленушілері инновациялық жобаларды әзірлеумен белсенді айналысады. Өз кезегінде облыс әкімі жуық арада Семейде ІТ-колледжі ашылатын жеткізіп, балаларға цифрлық жобаларды әзірлеуді жалғастыруға кеңес берді.
«Қазіргі уақытта IT саласы қуатты әлеуметтік бағыт болып саналады және біздің аймақ осы салаға ерекше назар аударып отыр. Жаңа колледж Абай өңіріндегі болашақ IT мамандарын оқытудың негізгі буыны болады. Десекте, біз мұнымен тоқтап қалмай тағы да маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Егер өз болашақтарыңызды осы саламен байланыстырсаңыздар, біз сіздерді қолдауға дайынбыз», – деп атап өтті Нұрлан Ұранхаев.
Қазіргі уақытта орталықта 40-тан астам тәрбиеленуші тұрады. Орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға, сондай-ақ физикалық және психикалық дамуында ауытқулары бар балаларға қолдау көрсетеді.
Semeynews.kz