2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Президент 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу жоспары жайлы әңгімеледі.
«Әрине, бұл — жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл — Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді», — деді Президент Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы шын мәнінде өзі үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ екенін баса айтады.
«Халқымыз „Жақсы сөз — жарым ырыс“ дейді. Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Осы орайда негізгі екі бағытқа тоқталайын. Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі — ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыс жасалып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тағы бір маңызды міндет ретінде инвестиция тартуды атады.
«Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген. Екінші бағыттағы жұмыс экономиканың барлық саласына қатысты „ойын тәртібін“ белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыру шараларын қамтиды», — деді Мемлекет басшысы.